Жаңа нысан жеке инвесторының қатысуымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 354 орынға арналған заманауи жаңа студенттік жатақхана 2025-2026 оқу жылы қарсаңында пайдалануға беріледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа жатақхананы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов және "Қаржы орталығы" АҚ өкілдері, елорда мәслихатының депутаттары аралап көріп, Президент тапсырмасының ойдағыдай орындалып жатқанын атап өтті.
Жалпы аумағы 4421 шаршы метрді құрайтын бес қабатты ғимаратта әрқайсысы үш адамға арналған 118 бөлме бар. Жатақхана толықтай жиһазбен, тұрмыстық техникамен және интернетпен жабдықталып, барлық қабаттарда бейнебақылау камералары орнатылған.
Сонымен қатар коворкинг-аймақтар, оқу залы, санитарлық бөлмелер, кір жуатын орындар мен ас үйлер қарастырылған.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов жаңа жатақхана құрылысы студенттерді қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ауқымды бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті:
"Біз ЕҰУ студенттерін жатақхана орындарымен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шештік. Бұл мемлекет, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, "Қаржы орталығы" АҚ және жеке инвесторлармен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде мүмкін болды. Әр студент сапалы білім алып қана қоймай, лайықты жағдайларда тұруы қажет", – деді ректор.
Жаңа жатақханаға қоныстануға өтініш қабылдау басталды. Өтініштер Platonus электрондық жүйесі (https://edu.enu.kz) арқылы ЕҰУ Қабылдау комиссиясымен бірлесіп қабылданады.
Биыл ЕҰУ студенттік үйлеріндегі жалпы орын саны 8500-ге дейін артты, бұл студенттердің тұрғын үйге деген сұранысын толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Жазғы кезеңде барлық жатақханаларда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар құжат тапсыру кезеңінде талапкерлер мен ата-аналарға арналған уақытша тұру орны ретінде университетте Ахуал орталығы жұмыс істейді.
Орталық тәулік бойы (24/7) қызмет көрсетеді және 1-3 күнге уақытша баспана ұсынады.