Павлодарда қағаз қалдығын терең өңдейтін және қағаз бұйымдарын шығаратын зауыт құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Жоба Мемлекет басшысының қалдықты өңдеу жүйесін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда. Өйткені қағаз және картон бұйымдарының басым бөлігі елге импортталады. Жаңа өндіріс макулатураны қайта өңдеп, кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны 16 миллиард теңгеден асады. Қаржы институты жеңілдетілген шарттармен ақша бөлген. Зауыт Павлодардағы арнайы экономикалық аймақта орналасады. Салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық қолдау қарастырылады. Бұл – қалдықты өңдеу бойынша мақұлданған 67 жобаның бірі.

Гүлнәр Қайдарова, кәсіпорын басшысы:

- Қазақстанда қағаз бен макулатура көп, оны қайта өңдеу қажет. Сол себепті біз былтыр қалдықтарды қайта өңдеу бағдарламасына қатысу туралы шешім қабылдадық. Бұл – «Жасыл даму» компаниясының қаржысы, қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылады. Макулатураны қайта өңдеу технологиясы – бұл әлемде бар нәрсе, барлық жерде қолданылады. Бірақ біз жаңа технологияны таңдап отырмыз. Онда өндіріс үдерісі толығымен автоматтандырылған.