Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоров жарыс алдындағы дайындық кезеңі мен жеке өміріндегі жайттар жайлы әңгімеледі. ҚР Туризм және спорт министрлігі жариялаған бейне-сұхбат барысында спортшы әлем чемпионатына қалай дайындалғанын бөлісті., — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен бұл каскадты үйренуді 2021 жылдан бастағанмын. Жапон мәнерлеп сырғанаушысы Шома Уноның жаттығу кезінде дәл осы каскадты орындағанын көргеннен кейін, қатты шабыттандым — "неге маған дәл солай істемеске" деп ойладым. 2021 жылдан бастап осы элементті меңгере бастадым, бірақ тек 2024 жылы оны бағдарламаға енгізуге және жарыста орындауға дайын екенімді сезіндім. Бұған дейін де қатты қалап жүрдім, бірақ өкінішке қарай, физикалық формам ондай күрделі элементтерді орындауға мүмкіндік бермеді. Ал 2024 жылы мен оны жарыста алғаш рет сәтті орындадым", — деді Шайдоров.
Фигурист өткен маусымның басты жетістігі ретінде әлем чемпионатын атады. Оның айтуынша, ол сол сайыста еркін бағдарламада өзінің ең үздік сырғанауын көрсетті, бұл өте қиын болды, себебі маусым өте қарқынды өткен.
"Мен ол кезде қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Өзімнің әлем чемпионатының күміс жүлдегері екенімді жақында ғана түйсіне бастадым. Ең әсерлі сәт – көрермендердің орнынан тұрып, қол соққаны. Осы маусымда халықаралық жарыстарда Қазақстан туының өте көп болғаны – мен үшін ең басты шабыт", — деді спортшы.
Шайдоровтың пікірінше, оның ең үздік сырғанауы әлі алда. Чемпионаттан оралған соң, ол ең алдымен жақындарын көргісі келіп, "үй тамағын жегісі келгенін" айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от ҚР Туризм және спорт министрлігі (@turizm_sport_ministrligi)
Михаил Шайдоровтың кумирлері кім?
"Менің екі кумирім бар: жапон мәнерлеп сырғанаушысы Юдзуру Ханю және Геннадий Геннадьевич Головкин", — деп мәлімдеді ол.
Михаил Шайдоров ересектер арасындағы әлем чемпионатында өзінің ең үздік нәтижесін көрсетіп, күміс медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, оның еншісінде жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің күмісі де бар.
2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткен Азия ойындарында Шайдоров қола жүлдегер атанды, бұл оның осы құрлықтың басты турниріндегі алғашқы өнер көрсетуі болды.
9 күннен кейін ол Төрт құрлық чемпионатын жеңіп алып, престижді турнирдің жеңімпазы атанды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!