Түркістанда 6 жастағы бала 9-қабаттан құлап, екінші қабаттың күнқағарында қалып қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оқиға куәгерінің айтуынша, ол көлігін тоқтатып жатқан сәтте айқай естіп, басын көтергенде күнқағардың үстінде ес-түссіз жатқан баланы көрген.

Куәгерлер дереу әрекет етіп, бірі көршілердің пәтеріне жүгірсе, екіншілері төменде баланы ұстап қалуға дайын тұрған. Бір әйел баланы терезеден ұстап, әрі қарай сырғып кетпеуіне тырысқан. Үш ер адам пәтерге кіріп, олардың бірі – Абай есімді азамат – терезеден шығып, баланы күнқағардан көтеріп алған.

Дәл сол сәтте жедел жәрдем келіп, балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дәрігерлер тыныштандыратын дәрі егіп, жағдайын тұрақтандырды. Бөлмеде жиналған адамдардың көптігінен ауа тарылып, барлығы сыртқа шығарылды. Баланы жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізді. Куәгерлер оның тірі екенін, дәрігерлердің қолынан келгенін жасағанын айтты.

Оқиға Түркістан қаласындағы алты жолақты көшеде болған. Жергілікті тұрғындар батыл әрекет еткен азаматтарға алғысын білдірді.