Түркістан облысы аумағында 700-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың 33,4%-ы қалаларда болса, 66,6%-ы аудандарда орналасқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл деректер Түркістанда өткен «Әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық белсенділік: Азаматтық қоғамның қозғаушы күші» атты ХII өңірлік азаматтық форумда айтылды. «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығы нысанындағы бірлестік туралы «Елге еткен еңбек» атты кітаптың тұсаукесері өтіп, арнайы бейнеролик көрсетілді. Келелі басқосуға Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Шымкент, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе және тағы басқа облыстардан делегация өкілдері қатысты. Азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосқан форумда сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының қолдауымен жыл сайын үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік қолдау қаржысының көлемі арта түсуде. Атқарушы билік пен тұтас елдің, үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысы арқылы облыс экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша екі ай қатарынан үздік көрсеткіш көрсетуде. Биылғы жылдың 6 айының қорытындысымен өсім 118%-ды құрап, республика көлемінде көшбасшылықты сақтап қалды. Өнеркәсіп өнім көлемі 723,3 млрд теңгені құрап, 13,5%-ға артты. Облыс экономикасының негізгі саласы болып саналатын ауыл шаруашылығында өнім көлемі 253,9 млрд теңгені құрап, өсім 104,7% деңгейінде орын алды. Өндірілген өнім бойынша республикада көшбасшымыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Сондай-ақ жиында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар қауымдастығының президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, Түркістан облысының құрметті азаматы Жамалбек Шәріпбеков баяндама жасап, азаматтық қоғамды дамытудағы орны мен маңызын қалыптастыру бағытындағы ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.

Форум барысында азаматтық қоғамның мемлекеттік басқару жүйесіндегі алар орны мен ортақ мақсаттарға негізделген жобалар айтылып, жоспарлар пысықталды. Сондай-ақ облыста мемлекеттік саясатты насихаттау, елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға үлес қосып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталды.

Түркістан облысы