13 күн бұрын Сорбұлақта жоғалған тікұшақтан әлі де тұщымды хабар жоқ. Су қоймасының жартысы, яғни 50 пайызы тексерілген. Бұл жөнінде Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. Вице-минстрдің айтуынша, Сорбұлақтың тереңдігі 5 метрден 25 метрге дейін жетеді. Су лай болғандықтан іздеу жұмыстары да баяу жүріп жатыр. Сорбұлақ – не өзен, не көл емес. Техногенді сарқынды су қоймасы. Алматының кәріз жүйесінен келетін лас су осы жерге жиналады.
Кеген Тұрсынбаев, ҚР ТЖ вице-министрі:
Сорбұлақ өзеніне жақын жерде тікұшақтың бірнеше бөлктерін таптық. Содан бастап, штаб құрып, іздеу жұмыстарын бастадық. Өкінішке орай, қазіргі кезде 10 күннен аса өтті. Қазір Сорбұлақ өзенінің 50 процентін тексердік. Қазіргі кезде іздеу жұмыстары таңнан түн батқанға дейін жүріп жатыр.
Бірақ вице-министр тікұшақ сынығының нақты қанша пайызы табылғанын айтпады.
Еске салайық, 25 шілдеде Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалған болатын. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Әзірге олар жайлы ақпарат жоқ.
Самал Қабышева