0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Ақтөбеде балық қырылып жатыр. Тұрғындар Елек өзенінің жағасына шығып қалған жүздеген балық өлексесін көріп, дабыл қағуда. Әзірге олардың неден өлгенін ешкім дөп басып айта алмай отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл Ақтөбедегі ең үлкен жағажайдың бірі. Су жағасында жүздеген балық өліп жатыр. Өлекселер шіріп, саси бастаған. Ал, өңірде бір аптадан кейін шомылу маусымы басталады. Тұрғындар қазірдің өзінде мұнда келуден бас тартып отыр.
Өлекселерді тұрғындар бір апта бұрын байқаған. Одан кейін өлген балық саны күрт көбейіп кеткен. Өзеннің ағысы баяу жерлерінде сазандар мен мөңкелер жағаға шығып жатыр. Жақын маңда тұратын халық бұл өлекселерден ауру тарамай ма деп алаңдаулы. Балықшылардың айтуынша, су жануарларының қырылуына былтырғы тасқын себеп болуы мүмкін.
Александр Матвеев, балықшы:
Тасқын кезінде аулалар мен үйлерге дейін су кірді. Кәріз сулары өзенге құйылды. Ол балықтардың өміріне қауіп төндірген болуы мүмкін. Біз қармаққа түскен балықты тексеріп қарағанымызда, кейбірінен жараны байқаймыз.
Қазір Балық шаруашылығы инспециясының өкілдері тексеріс жүргізіп жатыр. Мамандар өлген балықтардан жарақаттарды байқаған. Болжам бойынша, Ақтөбе су қоймасындағы шлюздерді ашқан кезде, балықтар бетон қабырғаларға соғылып, өлуі мүмкін.
Әділбек Сұлтанов, Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас инспекторы:
Секундына 25 мың куб жіберіп жатыр, сондай жылдамдықпен. Бөгеттің астында бетон құрылыс бар, соған соғылып, қағылып, дене жарақатын алды деп болжанып отыр. Бірақ нақты қорытынды зертхана қорытындысын алғаннан кейін белгілі болады.
Мамандар қазір балық өлекселерін жинап жатыр. Қанша балық өлгенін әзір болжап білу мүмкін емес. Өйткені, көбі ағыспен кеткен. Ветеринарлық стансаға сынама жіберілді. Сондай-ақ, су құрамы да тексеріледі. Оның нәтижесі алдағы бір апта ішінде белгілі болмақ.
Жақсыбек Кемал