Мемлекет басшысы БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришпен келіссөз жүргізді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сапармен келген бас хатшыға ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы қарсаңындағы тығыз жұмыс кестесіне қарамастан мәртебелі мейманның Алматыға арнайы келгенін атап өтті. Бұл сапардың еліміз үшін мәні зор әрі Ұйымның орнықты даму күн тәртібіне бейілдігін көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азияда орнықты даму мақсаттарына арналған алғашқы орталықтың ашылуы – бүкіл аймақ үшін айтулы жетістік.
"Осы бастаманы қолдағаныңыз үшін Сізге және Сіздің ұжымыңызға өзімнің, сондай-ақ Қазақстан халқының атынан алғыс айтамын. Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын", – деді Президент.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!