Қостанай облысында халықаралық агрокөрме өтіп жатыр.
20 мемлекеттің 100-ден аса компаниясы ауылшарушылығына арналған озық технологияларын ұсынды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден аса агроөнеркәсіп өкілдері ауқымды шараға арнайы келді. Олар әр техниканы іс жүзінде тексеріп көріп, өндірушілердің өзімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Виталий Карпенко, агроөнеркәсіп өкілі:
Ауданға жақын маңда тұрамыз. Майлы дәнді дақыл егінімен айналысып келе жатқаныма 20 жылдан асты. Техниканы жыл сайын жаңартып тұрған дұрыс. Онсыз жұмыс жүрмейді, әрине. Өз көзіңмен көріп, таңдап алған жақсы ғой.
Агроқұрылым өкілдері мен өндірушілер бас қосқан шараға биыл селекционер ғалымдар да қатысты. Конференцияда астық экспортын арттыру, теміржол тасымалы мәселелері талқыланды. Осы жиында Өзбекстанның агроөнеркәсіп өкілдері Қазақстанмен серіктестік орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Ал Молдова кәсіпкерлері климатқа тез бейімделетін өсімдік түрлерін көбейту үшін жәрдемдесуге дайын.
Штефан Горда, Қазақстандағы Молдова республикасының елшісі:
Бізді Қазақстанның мал шаруашылығы саласындағы тәжірибесі қызықтырады. Қазір агроөндіріс бағыты бойынша үкіметаралық комиссия дайындап жатырмыз. Ортақ өнім шығаруға ниеттіміз. Біздің ел Еуродақ мүшелігіне үміткер болғандықтан, Қазақстан үшін Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік туады деп ойлаймын.
Мәдина Нағашыбай