Қазақ жігіттері тарихи жетістік тіркеді, деп хабарлайды 24kz.
Олар семсерлесуден алғаш рет Әлем чемпионатында жүлдеге ілікті. Байрақты бәсеке Грузия астанасы Тбилисиде өтті. Командалық сында жігіттер жартылай финалға дейін жетіп, Жапония құрамасына есе жіберді. Ал, қола үшін таласта тоғыз дүркін Олимпиада чемпионы Франция құрамасымен кездесті. Тартысты өткен жекпе-жектер сериясында біздің команда айқын басым болды. Қорытынды есеп – 45:31.
Айта кету керек, бұл сында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов төрттігі ел намысын қорғады. Осылайша, Қазақстан тарихта алғаш рет әлем чемпионатының командалық жарысында медаль жеңіп алды. Ал, жекелей сында Руслан Құрбанов 2023 жылы дәл осылай елге тарихи қола медаль әкелген болатын.
Эльмир Әлімжанов, Ұлттық құрама мүшесі:
- Бұл мен үшін ересектер арасындағы он бесінші әлем чемпионаты. Сондықтан бұл медаль маған өте қымбат. Біздің спортта мұндай сәттің қашан болатынын болжау қиын. Бұл жолы бәрі ойдағыдай аяқталды. Тек жартылай финалда Жапонияға бір ғана ұпаймен есе жібердік. Егер сол кездесуде жеңсек, кем дегенде күміс, бәлкім алтын алатын едік. Сондықтан бұл қола медаль – мен үшін аса бағалы. Мен бұл жүлдені алу үшін ондаған жыл еңбек еттім.