Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 95%-дан аса респондент елдегі этносаралық қарым-қатынасты тұрақты әрі қолайлы деп сипаттаған.

Этносаралық қатынастар сала­сындағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында жыл басынан бері республика өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру топтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың қатысуымен азаматтардың құқықтық және этно­саяси сауаттылығын арттыруға бағыт­талған 2 мыңнан аса оқыту және алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Этномедиация институтын дамы­туға ерекше көңіл бөлініп келе­ді. Елімізде кәсіби медиаторлар, заңгер­лер, педагогтар, психологтер, дінтану­шылар, журналистер мен қоғам бел­сенділері кіретін 20-дан аса ор­талық пен кеңес жұмыс істейді. 2025 жылдың алғашқы жартысында олар 500-ге жуық іс-шара өткізіп, оған 22 мыңнан аса адам қатысқан.

Биылдан бастап елдегі 14 жо­ғары оқу орнында журналистика мамандығы бойынша оқитын студенттерге арналған «Этносая­си сауаттылық» атты жаңа пән ен­гізілді. Бұл журналистердің медиа кеңістікте этностық тақырыптарға жауапкершілікпен қарауға, тұрақты мәдениетті қалыптастыруға сеп ықпал етеді.

Этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі белсенді рөл атқарады. Бүгінде 1 700-ден аса осындай ұйым жұмыс істейді. Олар адамгершілік құндылықтарды насихаттауға және отбасылық тәрбиені нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар жарты жыл ішінде 300-ден аса мәселені қарастырып, 200-ден аса ұсыныс жасаған Ақсақалдар кеңесі де тиімді жұмыс істеп жатыр.

«Жомарт жан» орталықтарында 340-тан аса меценат, волонтёр мен қоғам қайраткері бірігіп, қайырымдылық бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар жыл басынан бері 500-ден аса іс-шара ұйымдастырып, жалпы сомасы 304 млн теңгеден аса көмек көрсеткен.

Азаматтық жауапкершілік мәде­­ниетін қалыптастыруға эколо­гиялық акцияларға қатысушылар да айтар­лықтай үлес қосып келеді. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында 300 мыңнан аса этномәдени бірлестік өкілдері, жастар мен волонтёрлер қатысқан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.