Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының өкілдері алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Польшадағы штаб пәтерінде болды, деп хабарлайды 24KZ. Онда екіжақты ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған делегация Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Варшадағы бас пәтерінде болып қайтты. Онда бюро директоры Мария Телалианмен кездесіп, еліміздің сайлау жүйесіндегі реформалар жайлы баяндады.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Президентіміз Қ. Тоқаевтың конституциялық реформасы аясындағы осы сайлау жүйесіндегі көптеген өзгерістер туралы нақты мәлімет берілді. Тиісті презентацияларын қолдарына тапсырдық. Жаңа төрайымның тарапынан бізге тиісті қолдау айтылды. Консультация жасауға, сонымен қатар алдағы уақытта өтетін халықаралық конференцияларға және ОБСЕ-нің басқа мемлекеттердегі сайлауға біздің өкілдердің қатысуы туралы да, мен ойлаймын, тағы бір серпін берілді.

Нұрлан Әбдіров бюромен арадағы ынтымақтастық елімізге оның миссиялары құрамында түрлі саяси іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беретінін айтты. Осы ретте Қазақстаннның бұған дейін Әзербайжан, Молдова мен АҚШ-тағы сайлау науқанына байқаушы ретінде қатысқанын еске салған. Кездесуде тараптар сайлауды ұйымдастыру мәселелерін, мониторинг тәжірибесі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы кеңсесімен өзара әрекет ету жағын талқылады. Сонымен қатар сараптамалық консультацияларды жалғастыруға уағдаласқан.

Мария Телалиан, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры:

- Ең алдымен бұл сапардың өте пайдалы болғанын айтуым керек. Ол Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлауды байқау мәселелері бойынша ДИАҚБ-мен сындарлы диалог жүргізуге шынымен де ниетті екенін дәлелдейді. Бұл кездесу болашақта да ынтымақтастықты жалғастыруға дайындық бар екенін айқын көрсетті. Біз мұнда өзара іс-қимылды дамыту әлеуетін көріп отырмыз. Басқосу барысында біз президент және парламенттік сайлаулар, сонымен қоса референдум өткізу бойынша нақты ұсынымдар бердік.

Қазақстандық делегация Польшаның Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасы Сильвестер Марчинякпен де кездесті. Басқосуда сайлау науқандарындағы жалған ақпаратпен күрес мәселелері мен тәжірибе алмасу жайы пысықталған. Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық делегация поляк әріптестеріне ғылыми басылымдарын табыстады.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова