Әлемнің үздік математиктері Астанада бас қосты.

Сала ғалымдары «ISAAC-2025» Халықаралық конгресінде математика ғылымының өзекті мәселелерін ортаға салды. Nazarbayev University-інде өтіп жатқан шараға 700-ға жуық ғалым мен зерттеуші қатысып жатыр. Ғылыми жиын Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр.

ISAAC-2025 конгресі халықаралық аренада Қазақстанның ғылыми беделін нығайтатын шара десек артық емес. Себебі мұнда Нобель сыйлығымен пара-пар Филдс сыйлығының лауреаттары да келді. Математикалық зерттеулер саласындағы күрделі шешімдерге жауап табылуы мүмкін. Ал әлемдік жоғары оқу орындары өз өрісін кеңейтіп жатқан тұста еліміздің ғалымдары қарым-қабілетін арттыра түспек.

Дөрбетхан Сұраған, Nazarbayev University профессоры:

- Біздің елдің кәсіпкерлердің арасында меценарттар 100 жас ғалымға осы конгерсеске қатысуға жеке қаржы бөлді. Ең бірінші бұл ғылымды дәріптеуге үлкен септігін тигізеді. Елімізді халықаралық деңгейде әлемдік ғылыми картаға қойып береді бұндай іс-шара.

Мұндай ауқымды шараның Қазақстанда, нақтырақ айтсақ, Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті — Nazarbayev University-де өтуі отандық ғылымның беделін арттыруға тікелей ықпал етеді. Демек, төрткүл дүниедегі «азуын айға білеген» жоғары оқу орындарымен бәсекелесуге мүмкіндік бар.

Мартин Хайрер, Филдс сыйлығының лауреаты /Швейцария/:

- Мұндай ірі математикалық конгресс Орталық Азияда алғаш рет өткізіліп отыр. Мен үшін әлемнің әр түкпірінен келген әріптестеріммен пікір алмасып, тәжірибе бөлісу үлкен мәртебе. Математика жалпы көп зерттеуді қажет ететін сала. Сондықтан ғылыми талдаулар мен қолдану салаларын кеңейткен дұрыс.

Жас зерттеушілерді қолдауға ерекше назар аударылмақ. Конгрестің өзегі математика, талқыланатын тақырыптар тек теориялық емес, қаржы математикасы, жасанды интеллект, биология сияқты 20-дан астам түрлі ғылыми бағытты қамтиды.

Айнұр Қуатқызы, Артур Горшняков