Астана тұрғындарының саны жыл сайын шамамен 7 пайызға өседі. Соған сай, жаңа Бас жоспар қабылданды. Құжатта елордалықтардың қатары 2,5 млн-ға дейін артады деп болжанып отыр. Бұл туралы бүгін қалалық орта мен урбанистиканы дамыту жөніндегі кеңесте айтылды.
Жиында 2035 жылға дейінгі шаһардың негізгі даму бағыттары талқыланды. Әсіресе экология мен көгалдандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Соңғы үш жылда Астанада 2,5 миллионнан астам ағаш егілген. Бұдан бөлек Кіші Талдыкөл аумағында экопарк салынып жатыр, сондай-ақ Green Line жаяу жүргіншілер жолы мен Damu паркінің құрылысы қолға алынған.
Ал 2030 жылға дейін 206 апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшіріледі. Қаланың құрылыс саясаты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға және жасыл аймақтар құруға бағытталмақ. Әкім Жеңіс Қасымбектің айтуынша, автобус паркі жаңартылып, жаңа жолайрықтар салынады. Ал LRT желісін сынақ режимінде биыл қыркүйекте іске қосу жоспарланып отыр.
Ақниет Балтанова