Елордада қысы-жазы жас та, жасамыс та ашық суға шомылады. Салқын су бойға сергектік сыйлайды, деп хабарлайды 24kz.
Қазір жеткіншектер де шынығып жүр. «Әсіресе, жаз айларында тұрақты шомылу иммунитетті нығайтады», — дейді мамандар.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазір таңғы сағат 10:00. Судың температурасы +22 градус. Яғни, жылы. Күннің ыстық болғанына қарамастан менің артымда тұрған бұл топ жаттығуды тоқтатпаған. Суық суға бейімделген шомылушылар үшін жаз нағыз шынығатын кезең. Мамандардың айтуынша, тұрақты жаттығулар ағзаны бірқалыпты күйде ұстап, иммунитетті нығайтуға көмектеседі.
Таңалакеуімнен басталатын жаттығудың бұл түрі әдетте 10-ға дейін жалғасады. Бірақ мезгіл талғамайды. Қыстың қақаған суығында да, шіліңгір шілде де өзін «итбалық» деп атайтын бұл спортшылар суық суға шомылып, денесін шынықтырады. Оған жас та, жасамыс та қызығады. Тіпті енді ғана тәй-тәй басып жүрген бүлдіршіндердің өзі бұл спортқа бейім. Өйткені елімізде оларға бағыт-бағдар беріп, қолдайтын арнайы ұйымдар бар.
Ирина Шуленбаева, қала тұрғыны:
- Суық суға шомылу жас талғамайды. 3,5 жастағы баладан бастап 90-ға таяған ата-әжелердің өзі біздің жаттығулардан қалмайды. Қыстыгүні шынығу әлдеқайда тиімді. Температура күрт ауысқан кезде мұздай суға топ ете қалу денсаулықты арттырып, иммунитетті күшейтеді. Ал жаз айларында судың да, ауа температурасы да жылып, адам ағзасында қан айналым жылдам жүреді. Қыста аптасына бір рет шынығу жеткілікті болса, жазда бұл жаттығуды тұрақты жасап тұрған дұрыс.
Ирина жетекшілік ететін осы топта қазір 80-ге жуық қатысушы тұрақты шынығады. Алёнаның бұл спортты өмір салтына айналдырғанына 20 жылға жуықтапты. Жаттығуды үзбейтін ол тіпті, жасқа толмаған баласын да мұздай суға түсуге баулып жүр.
Алёна Добжанская, қала тұрғыны:
- Суық суға шомылған бала шымыр болады. Тіпті балаларым мектепке барып жүрсе де, жаттығуды қалдырған жоқ. Біздің отбасымыздың өз ұраны бар. Біреу тұмауратып, салқындап қалсақ, дереу осында шынығуға келеміз. Морж бұл – жан мен тәннің қалауы. Меніңше, бір мәрте шынығып көрген адам одан алыстай алмайды. Өйткені ол ағзаға ауадай қажет.
Аманкүл Қасенова, қала тұрғыны:
- Суға түсіп жүргеніме 11 жыл болды. Өзіме ұнайды. Қызым да келеді. Үлкен балам да келеді. Денсаулыққа әсері өте мықты.
Иә, спортқа бейім бала отырықшы өмір салтына үйренген балаға қарағанда шымыр келеді. «Сол себепті жаз айларында белсенділікті арттыру қажет», — дейді мамандар. Өйткені тұрақты жаттығатын адамның денсаулығында ақау да болмайды, жүйкесі де жұқармайды.
Жанна Нұрберген, АМУ Е.Дәленов атындағы ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері:
- Балаларды спортқа беру керек. Міндетті түрде түрлі жаттығулар жасайтын кружоктар бар қазір. Сол себепті бірінші кезекте физикалық жүктеме болу керек. Жазда спорт бірінші орында тұру керек. Екіншіден, ол әрине, салауатты өмір салтының, жалпы аурудың профилактикасы негізі дұрыс тамақтану деп айтқым келеді. Ең дұрыс, ең пайдалы сусын, ол – су, кәдімгі қара су. Үшіншіден, аурудың алдын алу үшін, дені сау болу үшін балалардың ұйқысы дұрыс болу керек.
«Баланы жастан», — деген біздің қазақ. Есі кірген сәттен спортқа бейім етіп, бойына дұрыс дағдыны сіңіру – болашақтың берік іргетасын қалыптастырумен тең.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Мадияр Қындыбаев