Елордада сот саласының жас мамандарынан ең мықтысы анықталды. «AIFC Court Moot 2025» студенттік сайысы мәресіне жетті.
Оған шындықтың шырақшысы болуды мақсат еткен қаракөздерімізбен қатар, Еуразия құрлығындағы 5 мемлекеттің болашақ заңгерлері қатысты.
Игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Астана халықаралық қаржы орталығы әділдікті ту еткен жастарға толы. Жастық жалын, білім мен білік дәл осы ортада сыналады. Сайысқа өз қаракөздерімізбен қатар, алыс-жақын шет елдердің менмін деген студенттері қатысты.
Кристофер Кэмпбелл-Холт, ОВЕ, АХҚО және ХТО соты аппарат басшысы және тіркеушісі:
- Астана халықаралық қаржы орталығы сотының бүгінгі сот отырыстарының байқауы – бұл біздің соттың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көрсету мүмкіндігі. Бұл Қазақстанның және басқа елдердің үздік заңгер студенттеріне нақты сот процесінде өзін сынап көруге және білімдерін дәлелдеу деңгейі десе де болады. Дәл осы студенттер – Астана халықаралық қаржы орталығы сотының, Халықаралық төрелік орталықтың және әрине, Қазақстанның заң қоғамдастығының болашағы.
Ал додаға көпті көрген аға судьялар төрелік етті. Жауапкершілік зор әрі шалыс басуға болмайды. Студенттер де мұны жақсы түсінгендей. Төрешілердің алдында іркіліп қалмай, әр сөзін байыптап, жөппелдеме жауап беруге тырысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шынайы сот процессіндей өткен байқау болашақ заңгерлердің шыңдалып, жетілуіне жол ашады.
Чи Щин, студент:
- Мен мұндай форматтағы байқауға бірінші рет қатысып тұрмын. Шынымды айтсам, алдағы қызметтік жолымда қажет мол мәлімет алдым. Тапсырма бойынша өз клиентімнің мүддесін барынша қорғауым керек болды. Меніңше, қолымнан келді.
Руэй Жиа Жаң, студент:
- Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Өйткені мұнда ағылшын ортақ құқығы қолданылды. Ал Қытай соты азаматтық құқыққа негізделген. Сондықтан мен үшін тың дүние десем де болады.
Байқаудың ақтық кезеңіне астаналық Мақсұт Нәрікбаев атындағы оқу орны мен Шығыс Қытай саяси ғылымдар университетінің қыз-жігіттері жолдама алды. Тартысты өткен доданың жеңімпазын анықтау қазыларға да оңай соқпағандай. Десе де, сегізінші жыл қатарынан жалауын желбіреткен шараның бас жүлдесі бұл жолы қытайлық студенттердің еншісіне бұйырды. Бастысы жастардың жарыс барысында жиған білімі алдағы уақытта оларға азық болмақ, — дейді аға буын.
Авторы: Назерке Тоқжан