Енді жаңа куәлікті онлайн рәсімдеуге болады. eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы жеке куәлікті онлайн түрде ауыстыруға болады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қызметті eGov.kz порталында қалай алуға болады?

Қызметке тапсырыс беру үшін eGov.kz порталында тіркеліп, қажет қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, мәліметтерді толтыру, қол қою әдісінің бірі арқылы өтінімді растау және мемлекеттік баж салығын банк қосымшасы арқылы төлеу қажет.

Қызметті eGov Mobile қосымшасында қалай алуға болады?

Мобильді қосымша арқылы өтінім беру үшін қосымшада тіркеуден өту, тиісті қызметті таңдап, биометриялық сәйкестендіруден өту, қажет деректерді толтыру, құжатты алу орнын көрсету, мемлекеттік баж салығын төлеу және өтінімді Face/Touch ID арқылы растау қажет.

Бұл қызметті кімдер пайдалана алады?

Бұл қызметті тек жеке куәлік иесі ала алады. Басқа адамның атынан, тіпті сенімхат немесе қамқоршылық негізінде де өтінім беру мүмкін емес.

Жеке куәлікті қандай жағдайда онлайн түрде ауыстыруға болады?

Жеке куәлікті онлайн түрде тек оның қолданылу мерзімі аяқталған жағдайда ауыстыруға болады, яғни құжат мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын немесе мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде.

Дайын құжатты қайдан және қашан алуға болады?

Жаңа жеке куәлікті алдын ала көрсеткен тіркеу пунктінен алуға болады. Құжатты дайындау мерзімі — 15 жұмыс күні.

Мемлекеттік баж салығы қанша?

  • Қызметтің стандарт түрі үшін мемлекеттік баж – 0,2 АЕК.

Құжатты жедел рәсімдеу қажет болған жағдайда тез арада қызмет көрсету түрлері қолжетімді:

  • 3 жұмыс күні үшін 1 771 теңге,
  • 1 жұмыс күні үшін 3 372 теңге.

Қолданушы биометриялық сәйкестендіруден өте алмаса не істеу керек?

Кейбір жағдайларда пайдаланушылар биометриялық сәйкестендіруден өте алмауы мүмкін. Бұл бет-әлпетінің ерекшеліктеріне, операциядан кейінгі өзгерістерге, тыртықтар болуына, жас ерекшеліктеріне немесе мимикаға байланысты болуы ықтимал.

Мұндай жағдайлар қызмет көрсетуден бас тарту болып саналмайды, бұл қауіпсіздік шарасы ретінде қарастырылған. Онлайн сәйкестендіруден өту мүмкін болмаған жағдайда жүйе автоматты түрде балама нұсқа, яғни ХҚКО арқылы рәсімдеуді ұсынады. Бұл кезде өтініш беруші өзіне ыңғайлы кез келген ХҚКО-ға жүгіне алады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget