Боливияның ірі қалаларының бірі Кочабамба тау болып үйілген қоқыстың астында қалды. Соттың шешімімен жергілікті қоқыс алаңы жабылып, билік жаңа тұрмыстық қалдықтар полигонын салуға орын таба алмай отыр. Қала көшелерінде үйінділер көбейіп, экологиялық апат қаупі күшейген.
Кочабамбадағы қоқыс алаңы маңында тұратын тұрғындар ауа мен судың ластанғанын айтып, жылдар бойы шағымданып келді. Осының негізінде сот шешімімен полигон жабылды. Қалалық басқарма жаңа қалдықтарды көрші қалаларға таратуды ұсынған. Бірақ бұл бастама іске аспады. Сөйтіп, дабыл қаққан тұрғындардың өзі қалдық тастайтын жер таппай, күл-қоқыстың астында қалды.
Каталина Куйко, сатушы:
- Қазіргі жағдайға қатысты келушілер наразылықтарын білдіріп жатыр. Жағымсыз иістің салдарынан бұл жерге ешкім аяқ баспай отыр. Осыған байланысты сатушылар ертеңнен бастап бұл аумақты жабуды жоспарлады. Көпшілік мұнда басқа аудандардан қоқыс әкеліп тастайды. Егер ол уақытында шығарылмаса, көлемі одан сайын ұлғаяды.
Балалардың денсаулығына алаңдаған тұрғындар мектеп айналасындағы жолды жауып, рұқсатсыз қоқыс тастаушыларға қарсы наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, үйілген қалдықтардың кесірінен оқу орындарында кеміргіштер пайда болған.
Марсела Асурдуй, қала тұрғыны:
- Біз көшені толығымен жаптық. Себебі балаларымыздың денсаулығына алаңдап отырмыз. Мұнда жағымсыз иіс жайылып, кеміргіштер пайда болды. Біз биліктің бұл мәселені түбегейлі шешуін талап етеміз. Себебі бұл қалдықтар түрлі инфекция таратып, балаларымыздың қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр.
Кочабамбада 600 мыңға жуық адам тұрады. Күн сайын мұнда 700 тоннаға дейін қоқыс тасталады. Санитарлық қызмет өкілдері қоқыстың уақытында тазаланбауы инфекциялық ауруларға әкеліп соғуы мүмкін екендігін ескертіп жатыр. Жергілікті билік қоқыс алаңының жұмысын жалғастыруды көздегенімен, сот шешімі бұл іске тосқауыл болып тұр.
Авторы: Динара Орынтай