Қазақстандықтардың жеке деректері бар 16,3 миллион жазба ашық тарап кеткен. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қазақстандықтардың жеке дерегі тарап кетуіне байланысты тағы бір мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Алғашқы талдау жұмыстары бұл деректер мемлекеттік емес, жекеменшік жүйелерден алынуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Мемлекеттік жүйелерден жеке деректер тараған жоқ, хакерлік шабуылдар салдарынан ақау да тіркелген жоқ", — деді министрлік өкілдері.
Ведомство мәліметінше, тексеріс толық аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға ерте.
"Азаматтың жеке деректері тарап кеткен мәліметтер арасында болса, бұл туралы электрон үкімет порталы (eGov) арқылы жеке кабинетіне хабарлама жолданады", — деп жазылған мәліметте.
Еске салайық, бұған дейін 16 миллионнан аса жазба ашық тарап кеткені, бұл ел халқының басым бөлігін қамтитыны хабарланды.
Тұрғындардың мынадай жеке мәліметтері тарап кеткен: тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні, ЖСН, мекен-жайы, тұрғылықты жері, телефон нөмірлері (ұялы, үй, жұмыс телефондары), азаматтығы, ұлты және тағы басқалары.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!