« Алтын Шипагер» деп аталатын салтанатты шара медицина қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған.

Жеті номинация бойынша жеңімпаз атанғандарға арнайы дайындалған алтын мүсіншемен санаторийге жолдама берілді.

13 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайында астаналық дәрігерлер жиналды. Өз саласының үздіктері атанған мамандар «Алтын Шипагер» арнайы атаулы сыйлығын алды. Барлық жеңімпаздарға салмағы жарты килограмға жуық мүсіншеге қоса ноутбук, 200 мың теңгеге сертификат және Қазақстан санаторийіне жолдамалар берілді. Жүлдегерлер қатарында Жұлдыз Данбаева да бар. Ол «Health Teach көшбасшысы» атағына ие болды.

Жұлдыз Данбаева, №3 көп бейінді қалалық ауруханасының директоры:

- Бүгінгі осы салтанатты жиналысты жылына күтеміз. Бүгін көріп отырсыздар. Дәрігерлердің бүгін көңіл-күйі жақсы. Көтеріңкі. Осыған жақсы көңілмен келдік. Министрлікке, біздің әкімдікке, біздің бәріне көп рақмет айтамыз.

Биылғы мереке "Дәуір-әулет-жәдігер"тақырыбы бойынша өтті. Бүгінде елордада 11 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етіп келеді. Оның ішінде дәрігерлер, медбике мен кіші қызметкерлер бар.

Әлия Рүстемова, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Денсаулық сақтау саласында әулетімен қызмет ететін жандар бар. Бірақ бұл жерде ұрпақ сабақтастығы, яғни аға буынның артынан ерген жас дәрігерлерге тәлім-тәрбие беріп, білгенін үйретуін де меңзедік. Бүгін 1200 адам жиналды. Олардың бәрі медицина қызметкерлері.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада отандық өнер жұлдыздары ән шырқады. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау саласының жетістіктері көрсетілді. Еске сала кетейік, «Алтын Шипагер» сыйлығы 2018 жылдан бері беріліп келеді.

Серік Селеубайұлы