Ақтөбеде қырық жылға жуық жөндеу көрмеген аулалар абаттандырылуда, деп хабарлайды 24kz.

Облыс орталығында «Жүз аула» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Көпқабатты баспаналардың алдына асфальт пен жаяу жүргіншілер жолы төселіп, балалар алаңы орнатылады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі бұл үйлердің ауласы 40 жылға жуық жөндеу көрмеген. Асфальті ойылған шұрық-тесік жолмен жүру мүмкін емес. Балалардың ойын алаңы да әбден тозған. Ауланың жөнделетінін естіген тұрғындар күрделі жобаны талқылауға белсенді атсалысты.

Дмитрий Волощук, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

- Адамдар бірден маған хабарласып, талап-тілектерін жеткізді. Балалар алаңына резеңке жабынды төсеу, жарық шамдарын орнату реті сияқты көптеген мәселелерді мердігермен бірге талқылап шештік. Тұрғындардың айтқанына құлақ асып, тілектерімізді орындап жатыр.

Кешенді жөндеу жұмыстары жсопарға сай қараша айына дейін аяқталуы тиіс. Алайда мердігер қыркүйекке дейін аяқтауды көздеп отыр. «Ол үшін жұмысшы да техника да жеткілікті», - дейді.

Бақдәулет Сейдуалиев, мердігер мекеменің өңірлік директоры:

- Бізге 7 жыл кепіл мерзімі берілген. Егер сол 7 жыл ішінде бүлініп жатса, біз қайтадан жөндеу жұмыстарын жасаймыз. Ал, мынау асфальтқа келетін болсақ, көп жерде қарастырылмайтын геосетка дейді, осы асфальттың астыңғы қиыршықтас жабындыларының қозғалмауына септігін тигізеді. Сапалы болсын деп енді 7 жылға шыдап беруі керек.

Ескірген аулаларды жөндеуге бюджеттен 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Кешенді жаңғырту жұмыстары 4 жобаға біріктіріліп, әрқайсысы 25 ауланы қамтиды.

Болат Серіков, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Әр жобаның ішінде асфальт-бетон жабындысымен қамту, суағарлармен кіші архитектуралық форма деп айтамыз ғой, оның ішінде отырғыштарымыз бар, балалар ойын алаңдары бар, спорт алаңдары бар, қоршаулар қарастырылған. Әр жобада тұрғындардың қандай қалаулары болды. Соған байланысты жобада жұмыстар қарастырылды.

Ақтөбеде 1800-ден аса көпқабатты үй бар. Мың жарымға жуығы өткен ғасырда салынған. Жергілікті билік олардың айналасын абаттандыруды кезең-кезеңімен жүзеге асырмақ ниетте. Биыл тағы 100 ауланы жаңғыртуға жобалық-сметалық құжат рәсімделіп, келер жылы жөндеу жұмыстары қолға алынады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков