Әлемде какао тапшылығы туындады. Оған Батыс Африка елдеріндегі биылғы қуаңшылық себеп болған.

Сәйкесінше шоколад бағасы шарықтады. Бұл жағдайдың біздің нарыққа әсері қандай болмақ?

Елде шоколад бағасы биыл 35,8 пайызға өсті. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш.

Шоколад нарығындағы ахуал әлемдік какао тапшылығына байланысты. Мәселен, АҚШ-та шоколад жылдық есеппен 30 пайызға қымбаттаған. Осы себепті тұтынушылар арзанырақ тәттілерге ауысуда. Ал кәсіпкерлер какао аз қосылған немесе балама өнімдерге ойысқан. Nestlé мен Pladis компаниялары какао өндірісінің төмендеуіне байланысты кейбір өнім қаптамасындағы «шоколад» сөзін мүлде алып тастауға мәжбүр. Енді оның орнына «шоколадты», «шоколад дәмі бар» секілді терминдер қолданылады. Осы ретте FoodNavigator басылымы какао дағдарысы болашақта шоколад ұғымын түбегейлі өзгертуі мүмкін дегенді айтады.

Алан Перлштейн, кәсіпкер:

- Әлемде шоколад пен какаоға сұраныстың артуы тропикалық аймақтардағы орман алқаптарының жойылуына әкелді. Сондай-ақ климаттың күрт өзгеруі шоколад өндірісіне кері әсер етіп жатыр. Өйткені кейбір түрі жылы ауа райына бейімделе алмады. Бұл сәйкесінше, егін көлемінің қысқаруына себеп болды.

Қазақстанда шоколад қосылған өнім өндірісінің екі жыл қатарынан төмендеуі байқалады. Қаңтар-қазан айларында өнім көлемі 72,6 мың тонна болған. Бұл былтырғыдан 2,9 пайызға аз. Отандық фабрикалар биыл сұраныстың небары 38,9 пайызын өтеген. Сәйкесінше импорт өсті. Жыл басынан бері елімізге 66 мың тонна шоколад және какао қосылған дайын өнімдер импортталды.

Елдегі шоколад қосылған өнім өндірісі

72,6 мың тонна қаңтар-қазан айлары

2,9% сұраныстың 38,9% өтелді

Импорт 12,8%

66 мың тонна дайын өнім

Оның басым бөлігі яғни, 70 пайызы Ресейден жеткізілді. Сондай-ақ Украина, Түркия , Германия және Қытай негізгі жеткізушілер қатарында. Ең қымбат өнім Украинадан келсе, ең арзаны Қытайдан әкелінді.

Шоколад импорты:

70% Ресей

6,1 мың тонна Украина

5,1 мың тонна Түркия

2,7 мың тонна Германия

1,2 мың тонна Қытай

Ел сөрелеріндегі шоколад бағасына шолу жасасақ. Биыл тәтті өнімнің бағасы Солтүстік Қазақстанда 1,5 есе өскен. Дәл осындай үрдіс Қарағанды, Астана және Шымкент дүкендерінде байқалады. Ал Қызылорда, Атырауда баға орнықты.

Сонымен қатар тұрғындардың шоколадқа құмарлығы артып келеді. Биыл қаңтар-маусым аралығында бір қазақстандық шамамен 477 грамм шоколад тұтынған. Өсім — 1,9 пайыз. Ал ұлттық статистика бюросында шоколад жеке дара атап көрсетілмейді. Десе де құрамында қант, бал, шоколад бар өнімдерді қос есептегенде ел азаматтары жылына 43 келі тәтті тұтынады екен.

Әр қазақстандық шамамен 477 грамм шоколад тұтынған 1,9%

Қаңтар — маусым айлары

Жылына 43 келі тәтті өнім