Астанада дәрігерлер бір аптада төрт бүйрек ауыстырды. Бұл операциялар Ұлттық ғылыми онкология орталығының ағза трансплантау бөлімінде жүргізілді.

Мәйіттік донордан алынған ағзалар ұзақ жыл бойы гемодиализге байланған екі науқасқа жаңа өмір сыйлады. Сосын туыстық донорлық нәтижесінде тағы екі бүйрек алмастыру операциясы жасалды. Мамандар күрделі хируругиялық ем ойдағыдай өткенін хабарлады.

«Жұма күні трансплантолог мырза хабарласты, мәйіттік донор пайда болып тұр. Сен тізімде барсың» дегенді естіп, ауруханаға жарты сағатта жеттім».

Бүйрегі істен шығып, жылдап гемодиализде жүрген адам үшін мұндай қоңыраудың мәні бөлек. Еламан Дәулетхан бұл сәтті ұзақ күткен. Ол донорлық бүйрек пайда болғанда шақырылған тоғыз адамның біреуі. Сәті түсіп, бұл донордың бүйрегі біздің кейіпкерге сәйкес келді.

Еламан Даулетхан, емделуші:

- Сол тоғыз адаммен кезек-кезекпен сараптамаларды тапсырып өттік. Соңғы шешімін дәрігерлер айтты. Осы 9 адам арасында мені таңдады деп айтқан жақсы бір қуанышты хабарды естідім. Әуелі Аллаға, сосын донор болған адамға көп алғысымды айтамын. Донор болған адамның жақындарына да алғысым шекісіз. Себебі мұндай жандар кезекте тұрған қаншама адамның өміріне араша түсіп, өмірлерін ұзартуға мүмкіндік беріп жатыр.

Емделуші екі апта дәрігерлер бақылауында болады. Мамандар пациентің ағзасы донорлық бүйректі қалай қабылдайтынын қадағалап, назарда ұстайды.

Сайткарим Абдугафаров, хирург-трансплантолог:

- 5 желтоқсанда астанада қайтыс болған донордан алынған екі бүйректі біздің клиникаға жіберді. Екі бүйрек трансплантациясы жасалды. Трансплантация бойынша үйлестіру орталығының тізімінен 9 адам шақырылды. Солардың екеуіне донорлық орган сәйкес келді. Операция жақсы өтті. Донордан пациенттерге салынған бүйрек жұмыс істеп тұр. Жағдайы тұрақты.

Биыл Қазақстанда мәйіттік донорлық саны 2,6 есе артқан. Жыл сайын донор болуға келісім беретіндер қатары көбейіп келеді. Бұл халықтың трансплантацияға қатысты пікірі өзгергеннің айғағы.

Еламан Даулетхан, емделуші:

- Биыл енді мәйіттік донорлық, былтырғы жылдарға қарағанда көп жасалып жатыр. Оған да қуаныштымыз. Осы қазақ елінің адамдары, оның ішінде менің жақын жандарым Еговта тіркелген, мәйіттік донорлыққа келісімін берген көбісі. Оларға да рақмет! Өздерінің мәйттік донорлыққа деген көзқарастарын өзгерткен.

Орталық ауыз толтырып айтатын нәтижеге қол жеткізді. Жыл басынан дәл осы жерде 13 мәйіттік донордан және 80-нен астам тірі донордан бүйрек трансплантациясы жасалған. Жалпы орталық 700-ден астам ағза алмастыруға байланысты опеарция жүргізген. Нәтижесінде күту парағында тұрғандар қалыпты өмір сүруге тағы бір мүмкіндік алды.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова