Астанада дәрігерлер бір аптада 4 бүйрек трансплантациясын жасады. Бұл операциялар Ұлттық ғылыми онкология орталығының ағза трансплантациясы бөлімінде жүзеге асты.
Мәйіттік донордан алынған ағзалар ұзақ жыл бойы гемодиализге байланған 2 науқасқа жаңа өмір сыйлады. Туыстық донорлық нәтижесінде де 2 бүйрек алмастыру операциясы жүргізілді. Мамандар күрделі хируругиялық ем ойдағыдай өткенін хабарлады.
Бүйрегі істен шығып, жылдап гемодиализде жүрген адам үшін мұндай қоңыраудың мәні бөлек. Еламан Дәулетхан бұл сәтті ұзақ күткен. Ол донорлық бүйрек пайда болғанда шақырылған 9 адамның біреуі. Сәті түсіп, бұл донордың бүйрегі біздің кейіпкерге сәйкес келді.
Еламан Даулетхан, емделуші:
- Сол 9 адам кезек кезекпен анализдарды тапсырып өттік. Соңғы шешімін дәрігерлер айтты. Осы 9 адам арасында мені таңдады деп айтқан жақсы бір қуанышты хабарды естідім. Рахмет, әуелі Аллаға, сосын донор болған адамға алғысымды айтамын. Донор болған адамның жақындарына да алғысым шекісіз. Себебі мұндай жандар кезекте тұрған қаншама адамның өміріне араша түсіп, өмірлерін ұзартуға мүмкіндік беріп жатыр.
Емделуші екі апта дәрігерлер бақылауында болады. Мамандар пациентің ағзасы донорлық бүйректі қалай қабылдайтынын қадағалап, назарда ұстайды.
Сайткарим Абдугафаров, хирург-трансплантолог:
- 5 желтоқсанда Астанада қайтыс болған донордан алынған екі бүйректі біздің клиникаға жіберді. Екі бүйрек трансплантациясы жасалды. Трансплантация бойынша үйлестіру орталығының тізімінен 9 адам шақырылды. Солардың екеуіне донорлық орган сәйкес келді. Операция жақсы өтті. Донордан пациенттерге салынған бүйрек жұмыс істеп тұр. Жағдайы тұрақты.
Биыл Қазақстанда мәйіттік донорлық саны 2,6 есе артқан. Жыл сайын донор болуға келісім беретіндер қатары көбейіп келеді. Бұл халықтыҢ трансплантацияға қатысты пікірі өзгергеннің айғағы.
Еламан Жаулетхан, емделуші:
- Биыл енді мәйіттік донорлық былтырғы жылдарға қарағанда көп жасалынып жатыр. Оған да қуаныштымыз. Осы қазақ елінің адамдары оның ішінде менің жақын жандарым еговта көбі тіркелген, мәйіттік донорлыққа келісімін берген. Оларға да рахмет. Өздерінің көзқарастарын ауыстырған мәйттік донорлыққа.
Орталық ауыз толтырып айтатын нәтижеге қол жеткізді. Жыл басынан дәл осы жерде 13 мәйіттік донордан және 80-нен астам тірі донордан бүйрек трансплантациясы жасалған. Жалпы орталық 700-ден астам ағза алмастыруға байланысты опеарция жүргізген. Нәтижесінде күту парағында тұрғандар қалыпты өмір сүруге тағы бір мүмкіндік алды.
Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова