Елде цифрлық активтерді қолдану аясы кеңейіп келеді. Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында саладағы айналым 6,8 млрд долларға жетті.

Оның ішінде басым бөлігі, яғни 5,4 млрд доллары криптобиржаларға тиесілі. Ал қалған сома – брокерлік компаниялар мен төлем транзакцияларының үлесінде. Цифрлық активтер нарығы Астана халықаралық қаржы орталығы тарапынан реттеледі. Бүгінде орталыққа 29 ұйым тіркелген. Олардың 12-сі криптобиржа бағытында қызмет көрсетеді. Дегенмен мамандар қазір орталыққа тіркелмей-ақ жұмыс істеуге тырысатын компаниялар да барын айтады. Сондықтан кез келген тұтынушы биржаға инвестиция құймас бұрын оның рұқсаты бар-жоғын анықтап алуы қажет.

Алтай Слямов, «Астана» ХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті бөлімінің директоры:

- Цифрлық активтер саласы инвестиция жасауға альтернативті мүмкіншілік беретін алаң болып табылады. Яғни консервативтік инвестициялық құралдар, не болмаса депозиттер сияқты инвестиция құралдарына қосылған қосымша бір альтернативті инвестиция алаңы болып табылады. Алайда бұл жерде ескере кету керек, кез келген инвестиция сияқты цифрлық активтер де белгілі бір тәуекелдерге байланысты. Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде өте үлкен жарнамалар, заңсыз, лицензия алмаған ұйымдар арқылы қызмет көрсетуге үлкен жарнама жүзеге асып жатыр. Мұндай ұйымдармен қызмет етпеу керек.