Дональд Трамп Таиланд пен Камбоджа арасында бітім орнағанын мәлімдеді. Бұл туралы Ақ үй басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
АҚШ президенті Таиландтың премьер-министрі Анутин Чарнвиракул және Камбоджаның Үкімет басшысы Хун Манетпен телефон арқылы сөйлескен. Нәтижесінде, көршілес елдер атысты тоқтатып, бастапқы бейбіт келісімге оралуға шешім қабылдағанын жеткізді. «Қақтығыстың қайта өршуіне себеп болған мина жарылысы — жазатайым оқиға», — дейді АҚШ президенті.
Дегенмен Таиланд премьер-министрі халыққа қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізбейінше атысты одан әрі жалғастыратынын мәлімдеді. 26-шы қазанда екі елдің басшылары Малайзияда бейбіт келісімге қол қойған еді. Дональд Трамп қақтығыс қайта басталса, Вашингтон қос мемлекетпен сауда қатынасын үзетінін ескерткен болатын.