Егер сұрауы болмаса 1 жарым трлн теңге құмға сіңген судай жоғалар еді.
Негізсіз жоспарланған, тіпті үстемелеп көрсетілген қомақты қаржы 2026-2028 жылдың бюджетіне бекітілмек болған. Бірақ ішкі мемлекеттік аудит дер кезінде тексеріс жүргізіп, жолын кесті. Сондай-ақ әлеуметтік салада жалақы төлеуге қатысты алаяқтық әрекеті алдын ала анықталды. Осылайша 1 млрд 400 млн теңгені сақтап қалған. Мамандар білім беру саласында ұзақ жылдан бері еңбекақы түрінде ақша жымқырылып келгенін айтады. Әйтсе де, оны әшкере ету әсте оңай болмапты. Ал «онлайн бюджеттік мониторинг» жүйесінің арқасында жоғарыдағы үш жағдай жасырын жүзеге асырылмай қалды. «Ауыл аманаты» бағдарламасынан да бармақ басты, көз қыстымен 13 млрд теңге несие алынған. Бірақ сол 2 мыңға тарта қарыз алған адамның агро саланы дамытуға қатысы жоқ.
Ержан Мыңжасаров, ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы:
- Бұл мысалдар мемлекеттік аудиттің тиімділігін арттыруда бақылауды күшейту мен цифрлық талдау негізгі бағыт екенін көрсетеді. Біз мемлекеттік бюджет қаражатын жөн-жосықсыз алу немесе пайдалану, оның ішінде мемлекеттік қолдау шараларына бағытталған алаяқтық жолын кесу бойынша жаңа техникалық шешімдерді пысықтап жатырмыз. Осылайша Комитет жүргізіп жатқан жұмыс тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген цифрлық аудитке көшуге мүмкіндік береді. Бюджетті жоспарлау, міндеттемелерді қабылдау, төлемдерді жүзеге асыру және бухгалтерлік есепті жүргізу кезеңінен бастап қаржылық есептілік бекітілгенге дейін қаралады.