Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданында биыл бірқатар инфрақұрылымдық нысан іске қосылды. Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында жаңадан су сору станциясы салынса, Жалтыркөлде электржелісі іске қосылды.
Жаңа су сору станциясының игілігін алғашқылардың бірі болып Ерболат Совет көріп отыр. Жібек Жолының тұрғыны осы уақытқа дейін ауызсуды дүкеннен алып отырғанын айтады. Нысан қолданысқа берілмей жатып, осындай 40 үйге су құбыры тартылыпты. Жалпы ауылда 30 мыңға жуық тұрғын бар. Көбі ауласынан ұңғыма қазып, қажет суын алып отырады. Енді, келер көктемде үш бірдей мөлтек аудан толыққанды сумен қамтылмақ.
Серғали Бекенов, Жібек Жолы ауылының әкімі:
- Жібек Жолында негізі 10 мөлтек аудан бар. Оларға үш су сору станциясы қызмет көрсетеді. Біреуі ескі – ол ауылдың ескі бөлігіне су жеткізеді. Енді міне, тағы екі су сору станциясы іске қосылып, ауылдағы барлық мөлтек ауданды сумен қамтамасыз етпек.
Ал Жалтыркөл ауылында жаңадан электр желісі іске қосылды. Алты трансформаторы бар желі 1100-ден астам үйді электр қуатымен қамти алады. Әсіресе жаңадан бой көтерген мөлтек аудан жарықтан тарықпайтын болады. Жоспар бойынша тақауда 300 абонемент осы желіге қосылмақ.
Шынзат Тілеулиев, Аршалы ауданы бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы
- Бұл электржелілерін 800 млн теңгеге салып, бітірдік. Қазіргі таңда бүкіл құрылыс жұмыстары аяқталып, Арекке сенімгерлік басқаруға беріп, жылдың соңына дейін тапсырамыз.
Бұдан бөлек, биыл Жібек Жолы, Қостомар ауылдарында жол салынды. Жалтыркөлге де 26 шақырымдық автожол тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстарының бүгінде 70 пайызы аяқталған. Ендігі жылы қолданысқа беріледі.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Артур Горшняков