Вашингтонда Ақ үйдің жанында тапа-тал түсте оқ атылып, АҚШ ұлттық гвардиясының екі сарбазы жараланды. Қазір екеуі де аса ауыр халде жатыр.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, түскі екіде әлдекім Фаррагут алаңы мен метро бекеті маңында қызметтік патрульде жүрген сарбаздарға оқ жаудырған. Сол сәтте осы маңайда жүрген Ұлттық гвардияның өзге әскерилері тез жетіп, күдіктіні ұстады. Бейнебақылау жазбаларына қарағанда қаскөй жалғыз әрекет еткен. Федералды тергеу бюросы оны Ауғанстаннан келген босқын деп хабарлады. Бұл оқиғадан құлағдар болған Дональд Трамп Пентагонға Ұлттық гвардияның тағы 500 сарбазын АҚШ астанасына алдыруды бұйырды.
Майкл Райан, куәгер:
- Алғашында құрылыстың шуы ма деп қалдық. Бірақ жойқын дыбыс оған ұқсамады. Біраздан соң тағы да оқтың дыбысы шыққанда жүгіре жөнелдік. Бір-екі минуттан кейін кері бұрылып қарасам, сол жерде полицияның көлігін көрдім. Жақындағанда жерде бір адамды тұтқындап жатыр екен. Қасындағы автобус аялдамасының әйнегі күл-талқан болған. Тура жанында Ұлттық гвардияның екі сарбазының жерде жатқанын көрдік, біреуін тірілтуге тырысып жатты. Жағдайдың қаншалықты ауыр екенін бірден түсінбедік.
Кэш Пател, федералды тергеу бюросының директоры:
- Бұл федералдық құқық қорғау офицеріне жасалған шабуыл, сондықтан іс федералдық деңгейде тергеледі. Тергеуді құзырлы барлық серіктесімізбен бірге жүргіземіз. Қалалық полицияның кәсібилігіне алғысымыз зор. Бұл ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе. Вашингтонның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық ресурсты жұмылдырып, бұл қылмысқа жауаптыларды міндетті түрде жазалаймыз.