2025 жылғы 1 қарашадағы дерек бойынша, бұл төлемді 207 780 адам алған, оларға 22,3 млрд теңге төленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
1999 жылы енгізілген АМЖ жүйесі елдегі әлеуметтік саясаттың өзекті бағыттарының бірі. Қолданыстағы заңнама бойынша, жәрдемақы 17 түрлі санатқа жататын азаматтарға беріледі. Олардың қатарында:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен өзге елдердегі әскери іс-қимылдарға қатысқандар;
- Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
- Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлердің әйелдері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасы мүшелері;
- «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болғандар;
- Тыл еңбеккерлері;
- Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар;
- Саяси репрессиялардың құрбандары, мүгедектігі бар адамдар немесе зейнеткерлер;
- Қазақстан Республикасы алдындағы ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалғандар және басқа да азаматтар бар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жәрдемақы мөлшері азаматтың санатына қарай айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 2,13-тен 138,63-ке дейінгі аралығында белгіленеді. АМЖ көлемі жыл сайын АЕК өзгерісіне сәйкес, республикалық бюджет туралы заңға сай қайта қаралады.
Егер азамат бірнеше санат бойынша жәрдемақы алуға құқылы болса, төлем тек бір негіз бойынша, оның өз қалауы бойынша тағайындалады.
Айта кетейік, ел аумағында тұрақты тұратын шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар да бұл төлемге Қазақстан азаматтарымен бірдей құқыққа ие. АМЖ рәсімдеу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тапсыру жеткілікті.