Дипломмен ауылға жобасы қолға алынғалы 16 жылда 110 мыңнан астам маманға көтерме жәрдемақы берілген. Оның көлемі 24 млрд теңгеге жуықтады. Оған қоса 50 мыңнан аса жас үй алуға бюджеттік несие алды.

Бұған 200 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Көтерме жәрдемақы негізінен білім беру саласының мамандарына берілген. 78 мың адамға 16 млрд теңге төленді. Ал денсаулық сақтау саласындағы 25 мың адам 5 млрд теңге алды. Бюджеттік кредит бойынша білім беру мен денсаулық сақтау саласының үлесі басым. Жалпы әлеуметтік қолдау шараларын алған 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі шамамен 85%-ке жетеді екен.

Айта кетейік, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жастарға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көтермеақы төленеді. Оған қоса баспана алуға пайызы төмен несие береді. Оның көлемі 2500 АЕК дейін жетеді. Ал әлеуметтік көмекті алған жастар ауылдық жерде кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.