Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов құрылыс саласындағы ең қауіпті мәселені атады: жобалаушы компаниялар геологиялық зерттеуді өздері жүргізіп, өздері бекітеді, бұл тікелей мүдделер қақтығысына әкеледі.
Депутаттың айтуынша, дәл осы салғырттық жаңа үйлерде жарықтың пайда болуына, фундаменттің әлсіреуіне және апатқа әкелетін жағдайлардың жиілеуіне себеп болып отыр. Сондықтан ол геологиялық ізденістерді міндетті түрде тәуелсіз, бөлек компаниялар атқаруы керек деген норманы ұсынды.
Аймағамбетов бұдан да маңызды бір мәселені көтерді: зәулім үйлер салынып жатқанымен, сол аудандарда мектеп, балабақша немесе аурухана қарастырылмайды. «Адамдар күн сайын 3–4 сағатын жолға жоғалтып, қала сыртына сабылуға мәжбүр – бұл дұрыс жоспар емес», – деді депутат. Осы олқылықты жою үшін ол кез келген құрылыс компаниясына алдымен әлеуметтік инфрақұрылымды – мектеп, балабақша немесе емхананы салуды, содан кейін ғана көпқабатты үй тұрғызуды міндеттеу қажет екенін айтты.
Депутаттың пікірінше, бұл талап халықтың өмір сапасын жақсартуға және қазіргі құрылыс саласындағы тәртіпсіздікті тоқтатуға бағытталған ең маңызды норма болуы тиіс.