Талғар ауданының полициясы жолдарды уақытылы тазаламағаны үшін Талғардың әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы мен оның орынбасарына айыппұл салды. Мұның салдарынан жол апаты көбейіп және жаяу жүргіншілер жарақат алған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Талғар қаласының әкімі мен оның орынбасары ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 631-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, "Тұрғын Үй" және "Алматы жолдары" мердігерлік ұйымдары жолдардың қысқы күтімі жөніндегі шарттық міндеттемелерді орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 631-бабының 1-1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды", – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Кодекске сәйкес айыппұл мөлшері — 10 АЕК, яғни 39 320 теңге.
Талғар әкімі әлеуметтік желіде жағдайға пікір білдіріп, сын айтқандарды өзімен бірге көшелерді тазалауға шығуға шақырды.
"Егер мықты болсаңыздар, ертең менімен бірге қаланы тазалауға шығыңыздар", – деді ол.
Әлеуметтік желілерде талғарлықтар оның жауабын белсенді талқылап жатыр. Олардың айтуынша, әкім тұрғындарды күрекпен шық деп шақырудың орнына коммуналдық қызметтердің жұмысын бақылауға тиіс.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз