Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздар Алматыда концерт берді.

ЮНЕСКО бастамасымен ұйымдастырылған THE PLANET OF ART – 2025 халықаралық жастар фестивалінің гала-концерті өтті. Іс-шараның мақсаты елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту.

20-ға тарта елден келген жас дарындар Алматы төрінде өз өнерлерін паш етті. Олардың арасында Үндістан, Мексика, Нидерланды, Швейцария сияқты мемлекеттердің өкілдері бар. Жас деңгейі 12 мен 18 жас аралығында ғана. Іріктеу кезеңінен өткен 40 лауреат осы гала-концертке жолдама алды. Қатысушылар вокал, аспаптық және хореографиялық бағыттар бойынша өнер көрсетті. Жас таланттарды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестрі сүйемелдеді.

Болат Ақшолақов, Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының президенті:

- Бірнеше жылдан бері келе жатқан шара. Бастапқыда атауы басқаша болып еді. «Дети в ритме мира» деп аталды. Кейін біз ойланып, тек қана Қазақстан емес, дүниежүзілік деңгейге көтереміз деп, байқауды дүниежүзілік деңгейге көтердік. Биыл байқауға 18 елден балалар қатысты.

Гала-концертке келген көрерменде көп. THE PLANET OF ART жыл сайын көкжиегін кеңейтіп келеді. ЮНЕСКО аясында ұйымдастырылып жүргеніне де 20 жылдан асты. Осы кезге дейін 90 мыңнан аса қатысушыны қамтыды. Фестиваль жаңа буынды өзара түсіністік пен достыққа баулыйды. Дарынды жастарды қолдап, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуды көздейді.

Нұржауған Тельман, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 1-курс студенті:

- Іріктеу кезеңінде екі ән жібердім. Үшінші Ерке Есмаханның Айша Бибі әнін жіберген болатынмын. Бұл – музыкалық фестиваль. Конкурс сайыс емес. Бұл жәй ғана гала-концерт. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың өнерін паш ету үшін өтуде.

Іріктеу нәтижесі бойынша лауреаттар Қазақстанға шақырылды. 26 қазаннан бастап, мәдени алмасуға бағытталған 10 күндік білім беру бағдарламасына қатысып сабақ алды.

Арадия Ранават, фестиваль қатысушысы:

- Қазақстанға Үндістаннан келдім. Делиде тұрамын. Мектепке фестивальдан шақырту келді. Міне, іріктеуден өтіп, концертке қатысып жатырмын. Лауреат атандым. Кішкентай кезімнен билегенді жақсы көремін. Осында келіп көп дос таптым. Алматы керемет қала екен. Маған қатты ұнады. Табиғаты тамаша. Жан-жағы тау, жасыл желек. Қазақстанда осындай қала бар екен деп айтып барамын.

Концерт бағдарламасына Абай Құнанбайұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Пётр Чайковскийдің, Сергей Рахманиновтың, Антонио Вивальдидің, Жорж Бизенің шығармалары, сондай-ақ заманауи музыкалық туындылар енді. Мәдениеттер диалогы мен халықтар достығын дамытуға бағытталған жоба бұдан былай да жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев