Спорт – адамның жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамайтын ортақ құндылық. Ол тек денені ғана емес, рухты да шыңдайды. Сондықтан , спортты еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі өмірлік ұстанымға айналдыру – қоғамның ортақ міндеті.
Салауатты өмір салты — ел болашағының кепілі. Спорт тек кәсіби аренада ғана емес, әр отбасының күнделікті өміріне енуі тиіс. Бұл – ұлт саулығын қалыптастырудың, ұрпақтың рухын шыңдаудың басты тетігі. Осындай ұстанымда жүрген спортшы, мотиватор Нұрғали Құрманбекпен kaz.caravan.kz медиа порталының тілшісі сұхбаттасты.
-Спорт саласына қалай келдіңіз? Не түрткі болды? Не әсер етті?
-Спортпен шұғылдануды бала кезімнен жақсы көрдім. 2011 жылдан бері қарқынды түрде қолға алғанмын. Содан бері үздіксіз жаттығып келемін. Американдық спорт түрі кросфит, яғни, оның ішінде жеңіл және ауыр атлетика бар. Маған аралас спорт түрі қатты ұнады. Бұл спорт түрі – күшке, шыдамдылыққа, төзімділікке үйретеді. Өмірде әр түрлі ситуация болады. Сол әр түрлі ситуацияға дайын болайын деген ой түрткі болды. Жалпы, адам баласы физикалық тұрғыда кез-келген уақытта, кез-келген жаста, кез-келген ситуацияға дайын болу керек.
-“Ешқандай дәрігерге бармай, спортпен шұғылдан” деген екенсіз видеоларыңыздың бірінде. Сіз сонда ауырған жағдайда, дәрісіз емделесіз бе?
-Иә, дәл солай. Мен ауырған жағдайда жатып қалмаймын. Ешқандай дәрі-дәрмек қолданбаймын. Спортпен шұғылданып, өзімді өзім емдеп аламын. Яғни, ыстығым көтеріліп тұрсам да жүгіремін, мұздай суға түсемін. Нәтижесі жақсы болған соң, осылай бірнеше рет практикамнан өткізгенмін. Және соны көпшілікке насихаттап келемін.
-Халық дене шынықтыру, яғни, спортпен шұғылдануды дұрыс түсініп, қабылдап жатқан сыңайлы. Осы жөнінде айтарыңыз…
-Дұрыс айтасыз. Адам өзінің ішкі жан дүниесімен жұмыс жасау керек. Өзі қаласа, болмайтын дүние жоқ. Қазір халықтың көзі ашық. Психология жағы өте жақсы дамыған. Білімін әрекетпен ұштастыра білу керек. Спортпен айналысып, денсаулықтың маңыздылығын түсінетін адам көбейген. Жоғарыда атап өткенімдей, халық дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау, спортпен шұғылдану арқылы, денсаулықты түзей алатынын түсінген. Осы тұрғыда көптеген адамдармен кездесулер өткізіп жүрмін.
-Алдағы уақыта жоспарларыңыз жайлы айтсаңыз
—Алдағы жоспарым, мақсатым осы бағытымды одан ары жетілдіру. Қабілетімді барынша дамытып, көпшілікке пайдалы болу. Әлем бойынша артық салмақ проблемасымен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Ұстанымым – салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау. Ал, осының бәрін насихаттау үшін – мотивациялық кездесулер болуы шарт. Және қимыл-қозғалыста болу. Бір орында отырып қалмауды, жатып қалмауды кең насихаттаймын.