ТМД арасындағы бірыңғай әуе қорғаныс жүйесі, әскери байланыс және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бүгін Алматыда ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысында осы мәселелер талқыланды. Жиынға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан мен Беларусь мемлекеттерінің қорғаныс ведомстволарының басшылары қатысты.

Кездесу барысында 2021- 2025 жылдарға арналған Әскери ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру барысы талқыланды. Оған қоса жауынгерлік қабілетті дамыту, әскери қызметшілерді даярлау тәжірибесімен алмасты. Сондай-ақ министрлер жеке құрамды тәрбиелеуде әскери-патриоттық жұмыстар мен жауынгерлер ерлікті есте сақтаудың маңызын атап өтті.

Олжас Құсайынов, ҚР ҚМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы:

- ТМД қазіргі күнде де әскери ынтымақтастықтың тиімді платформасы болып қала береді. Барлық қатысушы мемлекеттер арасындағы серіктестікті сәтті дамытуға мүмкіндік береді. Отырыс ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өтті.