Тәуелсіздік тұғыры – Егемендік туралы декларация. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай ауқымды шара өтті.

Ғалымдар, заңгерлер мен қоғам қайраткері егемендік туралы декларацияның маңызын атап өтті. Ал суретшілер ашық аспан астында сурет салып, шығармашылық пен жасанды интеллекті бір арнаға тоғыстырды.

Республика күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция да 35 жыл бұрын қабылданған құжаттың маңыздылығы айтылды. Нақтырақ айтсақ, декларация — Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның қабылдануына негіз болып, еліміздің құқықтық іргетасын қалады.

Қанат Қожабек, Әль-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, философия ғылымдарының докторы:

- Осы құжатта алғаш рет билік бөлінісі қағидалары бекітілді деп айтуға болады. Елімізде президент атқарушы билік жүйесінің басшысы болып және заң шығарушы билік жүйесінде жоғары кеңес бекітілді және тәуелсіз сот жүйесінің құрылатындығы жарияланды.

Бүгін дәстүрлі сурет өнері мен жасанды интеллект тоғысты. Кәсіби қылқалам шеберлері университеттің пейзажын бейнеледі. Ал, студенттер болса, жасанды интеллект арқылы салынған картинаны толықтырып, жаңа келбет беруге тырысты. Сурет көрмесіне қатысушының бірі – Айгерім Аманова.

Әйгерім Аманова, студент:

- Мен бұл жерде суреттегі артық детальдар және де суреттің форматын жақын етіп салып жатырмын. Бір жағынан робот та көріну үшін мен жақынырақ жасап жатырмын.

Қазылар алқасы кәсіби қылқалам шеберлері салған үздік 30 картинаны таңдап алып, арнайы сурет көрмесін ұйымдастырады екен. Ал студенттердің жұмысы жекелей бағаланып, ең жақсы жұмыстың авторлары марапатталады.

Тоққожа Қожағұлов, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры:

- Комиссияның шешімімен қарап шыққаннан кейін біз жетістіктерін, кемшіліктерін, болашақта неге көңіл аудару керек екенін қараймыз. Табиғатта мынау кеңістіктік шешім болады. Ауа кеңістігін қалай пайдаланады? Өйткені аудитория шағын болатын болса, мына жерде 5-10 километрге кететін жерлер болады. Міне, сонда ауа перспективаларының заңдылығы қалай шешілді, осыларға басты назар аударамыз.

Шараның мақсаты — сурет өнеріне жасанды интеллект элементтерін қосу арқылы жастардың инновациялық әлеуетін арттыру. Оған қоса студенттердің цифрлық ойлау қабілетін дамыту.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов