Қазақстан стартаптары әлемдік деңгейдегі технологиялық көрмеде таныстырылды.
Бұл жолы Дубайда өтіп жатқан «GITEX Global» іс-шарасына еліміздің атынан 20 компания өкілі қатысып, тың жобаларын ұсынды. Солардың ішінде өндіріске арналған смарт бас киім, биометриялық төлем аппараты және ғарышты зерттеу құралдары бар. Қай-қайсы да қазақ жерінде кәдеге жаратылып, тиімділігін көрсеткен. Енді жаһанға кең таныла бастады.
Тұтас Таяу Шығыс қана емес, әлемдегі ірі технолгиялық көрмеге биыл 180 мемлекет арнайы делегация жіберді. «Gitex global»-ға жер жүзінен 1800 стартап және 1200 инвестор жиналды. Қазақстандық тарап инновациялық іс-шараның бел ортасында жүр. Ауқымды павильон ашылып, ел нарығында кең танылып үлгерген 20-дан астам компания көрме төрінен орын алды. Кей өнертабыстар шетелдіктер назарын бұрып, ерекше қызығушылық туғызды.
Дәулет Есенәлиев, Қазақстан павильонының басқарушысы:
- Біздің мақсатымыз қазақстандық технологияны көрсетуге, қазақстандық экспортты арттыруға бағытталған. Бұл көрме 5 күн өтеді. Осы күндер ішінде 20 компания қатысады. Жеке кездесулер өткізеді. Әр түрлі форумдарға, семинарларға қатысады.
Қазақ кәсіпкерлері екіжақты ынтымақтастық жөніндегі ұсыныстан кенде емес. Десе де сырт елден қосымша инвестиция тартылып, өндірістік ауқым кеңейсе тиімділік артады. Осыны ескерген алматылық стартап иелері әмірлікке ақылды жүйемен жұмыс істейтін өндірістік бас киім жасау технологиясын әкеліп, кеңінен таныстыруды жөн көрген. Қазірдің өзінде жобаға араб компанияларынан инвестиция тартуға мүмкіндік бар.
Сәкен Сыздықов, технологиялық компанияның бас директоры:
- Біз жасаған бұйымдар бір емес, бірнеше миссияны қоса атқара алады. Технологиясы көпке беймәлім десем болады. Сол себепті араб әмірліктерінің девелоперлеріне инвестиция салуға қызықты болып отыр. Осы күндері бірлескен ынтымақтастыққа қол жеткіземіз деген ойдамын.
Көпшілікке әлі кең таныла қоймаған қазақстандық жобалар қатарында онлайн төлем жасау құралы мен ғарышты қашықтан зерттейтін шағын аппараттар да бар. Әрбірі өздігімен ерекше. Жаһандық нарыққа бейімделген. Кеңінен қолданып, мол табысқа кенелуге болады.
Арман Бекембаев, технологиялық компания жетекшісі:
- Бұл қондырғылар жерде де, көкте де өз пайдасын береді. Мәселен, мына шағын ғана есептегіш құрал су өткізу арналарына орнатылып, барлық деректі онлайн түрде жинақтап, орталыққа жібереді. Көрмеде Саудия және әмірлік компаниялармен кездесіп, стартапты дамыту жолдарын талқыладық. Біздің елдің осындай интернет заттарына негізделген технологиялық шешімдері әлі де дамиды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз.
Дания Қайырбаева, технологиялық компания басшысы:
- Біз үшін бұл форум өте маңызды. Мақсатымыз – ивнесторлар табу. Форум көп мүмкіндік береді. Адамдармен танысу, технологияны дамытуға. Сол үшін қазтрейдке үлкен ризашылық білдіреміз.
Еліміздің сауда министрлігі қазақ стартаптарының көрмесіне жан-жақтан мейман тартып, қолдауды күшейтті. Енді алдағы бірер күн бойы инвесторлармен өзара тиімді диалог жүргізу міндеті тұр. Соның нәтижесінде жасанды зерде, киберқорғаныс, телекоммуникация сынды салаларды қамтитын келелі келісім жасалуы мүмкін.
Авторы: Рауан Мыңбай