Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу жалғасуда. Маусым айында басталған іріктеуге биыл 31 мыңнан аса азамат өтінім білдіріп , тек 7,5 мың үміткер қатысушылар тізіміне ілікті.
Нәтижесінде 100-ден астам кандидат бес кезеңнен өтіп, бүгін сараптамалық комиссия мүшелеріне мемлекеттік саланы дамытуға қатысты жобаларын таныстырды. Олардың қатарында білім магистрлері, Болашақ бағдарламасының стипендианттары мен мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар. Іріктеу қорытындысына сай, үздік 50 үміткер президенттік жастар кадрлық резервіне өтеді.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Біздің мақсатымыз — мемлекеттік қызметке жас, талантты, өзінің білімін халыққа елге қызмет етеміз деген жастарды іріктеп, таңдап алу. Сондықтан да бізден кейін де Ұлттық комиссия отырысы бар. Талаптар сол қалпы қалды. Біз 35 жасқа дейінгі жастардың барлығын қабылдадық берген ұсыныстарын және де ол Қазақстан Республикасының азаматы болуға міндетті. Сонымен қатар 5 жыл жұмыс өтілі болуы керек.
Бағдәулет Тұрғараев, кандидат:
- Бизнес саласынан келіп отырмын. Таңдаған бағытым жер қойнауы, яғни заңсыз жер қойнауымен күрес. Осы уақытқа дейін 5 этаптан өттік, 6 этапқа қатысып отырмыз. Өтем деген ойдамыз.