Алматының Алмалы аудандық сотында әлеуметтік желілерде "қазақтың Робин Гуды" деген атпен танымал "Елге көмек" қорының басшысы Ілияс Сариевтің ісі бойынша сот өтіп жатыр. Ол бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталып отыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейінгі сот отырысында Ілияс Сариев MM Travel фирмасының қызметіне қатысы жоқ екенін, тек 2023 жылдан 2024 жылға дейін жарнамалағанын айтқан еді.

Алайда 9 қазанда өткен сотта екінші айыпталушы Ақтоты Дүйсеева бұлай емес екенін айтты. Оның сөзінше, олар 2018 жылдан бері достық әрі серіктестік қатынаста болған, ал MM Travel компаниясын 2023 жылы бірге құрған.

"Сариев компанияның директоры болды. Бұл ортақ бизнесіміз еді. Екі жылда шамамен екі мың адамды қажылыққа жібердік. Бар мәселе Сариев кассадан ірі сомадағы ақшаны алып, қайтармаған кезде басталды. Соның кесірінен кассада жетіспеушілік пайда болды. Бір топ туристің ақшасын екіншісімен жаптым, біраз уақытқа дейін бұл көмектесті, бірақ кейінгі екі-үш айда жағдай нашарлады", — деді Дүйсеева.

Ақтоты Дүйсеева Ілияс Сариев оның банк шотын пайдаланып, компания ақшасын жеке мақсатқа жұмсағанын айтты. Прокурордың нақтылау сұрақтарынан кейін Ақтоты Дүйсеева Ілияс Сариев ақшаның бір бөлігін құмар ойындарға салғанын мойындады.

"Сол себепті 20 адамды қажылыққа жібере алмадық. Ол ақшаны бір аптада қайтарамын деп уәде берді. Тіпті туристермен өзі хабарласып, неге сапар ұйымдастырылмай қалғанын түсіндірді. Қазір ол мұны менің өтінішіммен жасадым дейді, бірақ шын мәнінде бұл оның бастамасы болды. Мен одан ештеңе сұраған жоқпын", — деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget