Оңтүстік Кореяда пластик қалдықтар көбейіп, экологтар дабыл қағып жатыр. Елде бұл материалды және одан жасалған ыдыстарды дәмхана мен мейрамханаларда қолдануға тыйым салынған. Ал дүкендерде пластик қаптарды сатуға және онымен тауар орауға болмайды.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореядағы пластикті қайта өңдейтін компаниялардың қоймалары лық толы. Бұл ПЭТ бөтелкелерінен алынатын шикізатқа сұраныстың күрт төмендеуімен және оны Қытайдан жаппай импорттаумен байланысты. Егер 4 жыл бұрын Қытайдандан мұндай өнімнің шамамен 130 мың тоннасы әкелінсе, биыл оның көлемі 360 мың тоннаға жетуі мүмкін.
Бұл мәселеге АҚШ президентінің саясаты да әсер етті. Дональд Трамп енгізген тарифтер қайта өңделген ПЭТ-тен жасалған корей талшығын АҚШ-қа экспорттауды шектеді. Пластик қалдықтарының көлемі пандемия кезінде үштен біріне өсті. Себебі бір реттік ыдыстардағы тамақ жеткізу көбейді. Оңтүстік Корея билігі пластик қалдықтарының 73 пайызын қайта өңдейтінін айтады. Елде бұл материалды қолдануға қатаң шектеулер енгізілген. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап супермаркеттер мен дүкендерде пластик қаптарды тегін беруге тыйым салынды. Бұл ережені бұзғандарға 3 миллион вонға дейін, яғни шамамен 2600 доллар айыппұл салынады.
Барлық тұрғындар әртүрлі қоқыс түрлеріне арналған арнайы қаптарды сатып алып, қолдануға міндетті. Олар тұрмыстық қоқысқа, тағам қалдықтарына, қайта өңдеуге және ірі көлемді қалдықтарға арналған қаптар болып бөлінеді. Бағалары 130-дан 2 мың вонға дейін барады. Біздің валютаға шаққанда 50 мен 773 теңге аралығында. Қоқысты дұрыс сұрыптамаған жағдайда, айталық қалдықтарды тиісті қапқа салмағаны үшін 300 мың вонға дейін айыппұл қарастырылған. Бұл біздің ақшамен 116 мың теңге.
Теңіздегі қоқыс көлемі де артып келеді. Оның жылдық мөлшері 140 мың тоннаға жетеді. Оңтүстік Корея жағалау күзетінің хабарлауынша, қалдықтың көп бөлігі теңізге табиғи апаттар мен дауыл, нөсер жаңбырлардан соң түседі. Ал тағам қалдықтары бойынша жағдай әлдеқайда жақсы. Мұнда олар 98 пайызға қайта өңделеді. Мұндай қоқыстан мал азығы, тыңайтқыш және энергия өндіріледі.
Ақылы қоқыс қаптары жүйесінің енгізілуі қалдықтардың, әсіресе тағам қалдықтарының көлемін азайтуға ықпал етті. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғындар азықты босқа тастамай, пісірілген тағамды тауысып жеуге тырысады. Үкімет 2030 жылға қарай тағам қалдықтарының көлемін және бір реттік пластикті қолдануды 50 пайызға азайтуды мақсат етіп отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян