Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялады. Ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжатта білім, ғылым, технология , экономика сынды басым бағыттар кеңінен қамтылды. Жолдауды тыңдауға еліміздің әр өңірінен түрлі сала мамандары арнайы шақырылды. Солардың бірі – Шымкент қаласының тұрғыны, педагог Марат Таңсықбаев.

Алғаш рет президент жолдауына қатысқан ұстаз өз әсерімен бөлісіп, бұл басқосу оның кәсіби болашағына тың серпін бергенін айтты.

"Мен үшін ең әсерлісі — білім саласына және жаңа технологияларға, оның ішінде жасанды интеллектке берілген ерекше назар болды. Президент бұл саланың ел экономикасы үшін маңызды қозғаушы күш екенін атап өтіп, жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар, мұғалімдердің де осы бағытта біліктілігін арттыруы керек екенін жеткізді. Бұл сөздер мені жігерлендірді, өйткені жасанды интеллект тек техникалық сала мамандарына ғана емес, біз – педагогтар үшін де тиімді құрал бола алады", — деді Марат Таңсықбаев.

Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Оның пікірінше, жолдауда көтерілген мәселелер әсіресе білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Жасанды интеллект көмегімен оқу бағдарламаларын жаңғырту, оқушылар мен студенттердің қабілетін ашу жолдарын жетілдіру – қазіргі заман талабына сай бастамалар.

Бәйтерек
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Педагогтың айтуынша, жасанды интеллект арқылы оқу процесін жекелеп жүргізу, әр оқушының жеке қабілетін ескере отырып білім беру – мұғалімдер үшін тиімді құрал әрі үлкен көмекші.

Президент Жолдау
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

"Президенттің бүгінгі жолдауы барша ұстаздар үшін үлкен мотивация болды деп есептеймін. Ел болашағы – білімді жастар мен білікті мамандардың қолында екенін тағы бір мәрте түсіндім. Мен де өз тарапымнан жасанды интеллектті қолдана отырып, оқыту әдістерімді жаңартуға бар күшімді саламын", — деді ол.

Президент Жолдау
Фото: Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы

Айта кетейік, мемлекет басшысы жолдауда білім және ғылым саласына ерекше басымдық беріп, жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу арқылы заманауи әрі сапалы білім беру жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы нақты тапсырмалар алдағы уақытта іске асырылуға тиіс.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз