Жамбыл облысындағы Қордай ауданында Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды.
Бүгін аталған ұйымның алғашқы отырысы өтті. Оған облыс басшылығы мен аудандағы этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Сессияда ел бірлігін сақтау, өзара ынтымақты бекемдеу жолындағы жоспарлар мен міндеттер нақтыланды.
Қордай ауданында Қазақстан Халқы Ассамблеясы мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан ауданда 30-дан аса этнос өкілдері тұрады. Бүгінде бір шаңырақ астында шоғырланған түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі бекем.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Көпэтносты қоғамда әрбір этностың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарап, ұлттық бірлікті сақтау ортақ міндетіміз. Біздің мақсатымыз келешек ұрпаққа тату ел, тыныш қоғам, дамыған мемлекетті қалдыру. Достық пен өзара құрметті әрқашан жоғары қоюға шақырамын.
Қордай ауданда 158 мың халық болса, оның 46%-ын өзге этнос өкілдері құрайды. Бүгінде аудандағы 8 этномәдени бірлестік өкілдері мен Ассамблея жанынан құрылған кеңестер қоғамдық шаралардан қалыс қалмайды. Жыл басынан бері олар 22 млн-нан аса теңгеге қайырымдылық жасаған.
Камила Дургалова, Қордай аудандық Түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі:
- Этностардың ең басты мақсаты – бейбітшілік пен бірлік. Өзіміздің Ахыска түріктерінің салт-дәртүрлерін, тілін және қазақ тілін дамыту мақсатында жұмыс атқарамыз.
Біржан Әлімбет, Қордай аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Қандай жағдай болмасын артымыздан келе жатқан ұрпағымызға еліміздің татулығын, бірлігін тапсырып кетуіміз керек. Ақсақалдар, ардагерлер осы жолда үлкен іс атқарып келе жатыр.
Алдағы уақытта Қордай ауданында Достық үйі салынады. Жалпы аудандағы құрылған Ассамблея, қоғамдағы этносаралық татулықты нығайтып, ел дамуы жолында игі істер атқаруды жоспарлап отыр.
Мерей Бает, Тимур Сейілхан, 24КZ