Пәкістанда жауын-шашын бір аптадан бері толастар емес. Арты алапат тасқынғы ұласып, табиғи апаттан бүгінге дейін 87 адам опат болды, деп хабарлайды 24kz.
Жергілікті мамандар қауіп әлі күшейетінін ескертеді. Жалпы климаттың тосын мінезі биыл да жер жаһанға күтпеген табиғи апаттар алып келді. Температураның жоғарылауынан әлемнің бірқатар елін қуаңшылық жайлап, орман өрттері жиіледі. Ал енді бір елдерде толассыз жауын жауып, арты алапат тасқынға ұласуда. Климат өзгерісіне қатысты әлемдік сарапшылар не дейді?
Фариза Жанғанаева, тілші:
- Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым өкілдері биыл жаһандық орташа температура 1,29°C мен 1,53°C аралығында болады деп болжаған еді. Бұл кейінгі 2 жылмен салыстырғанда жер беті одан бетер қыза түседі деген сөз. Яғни мұздықтар еріп, жауын-шашын көбейіп, құрғақшылық, орман өрті, су тасқыны сынды табиғи апаттар одан сайын жиілей түспек.
Рави Чопра, сарапшы:
- Бұл – климат тұрақсыздығының көрінісі. Қыста қардың аз жаууы су тапшылығы қаупін күшейтеді. Ауызсу жетіспеушілігі мен құрғақшылыққа дайын болу үшін жоспарлар жаңартылуы керек. Адамдарға қауіп жайлы алдын ала ескертілуі тиіс. Сондай-ақ G20-ға мүше елдер көмірқышқыл газының шығарындыларын барынша азайтуға әрекет жасауы қажет.
Жер бетіндегі температура неғұрлым жоғарылаған сайын, соғұрлым ауа да құрғай береді. Ол мыңдаған жылдар бойы жинақталған жер асты суларының сарқылуына ықпал етуі мүмкін. Салдарының әлем елдерін су дағдарысы жайлайды. Бұл қатер дүниежүзі халқының 75%-іне төніп тұр. Әсіресе, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка елдері, Азия, Оңтүстік Америка, Австралия өте күрделі жағдай қалыптасуы ықтимал.
Хелд, Еуропа Орман шаруашылығы институтының ормандарды басқару жөніндегі аға сарапшысы:
- Былтырдан бері қардың көлемі 17%-ке азайды. Бұл – кейінгі 23 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бұл аймақ криосфераға яғни, мұз, қар, мәңгі тоң, мұздықтар мен мұзды көлдерге тәуелді. Қар мұздан еріген сулар 12 ірі өзен бассейнінің 23%-іне су береді. Мысалы Әмударияның 74%-і, Гильмендтің 77%-і, Инд өзенінің 40%-і еріген қар мен мұз суынан тұрады.
Құрғақ ауа салдарынан, орман өрті де жыл өткен сайын жиілеп барады. Мәселен, былтыр әлем бойынша 30 миллион гектар орман алқабы жанып кетті. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық. Ең көп шығын Канада мен Ресейде тіркелді.
Суды үнемдеу, ормандарды қалпына келтіру мен дала өрттерінен алдын ала сақтық шараларын жүргізу қазір күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналған. Климат өзгерісі жаһандық мәселе ретінде сипат алып, халықаралық қауымдастық тарапынан жыл сайын талқыланып келеді. Алайда әзірге белгілі бір нәтижеге қол жеткізген жоқ. Биыл әлем мемлекеттері Бразилияда өтетін COP30 климаттық саммитінде бас қосады. Онда дүниежүзі елдері алдағы 5 жыл ішінде тропикалық ормандарды қорғау үшін халықаралық қор ашуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Фариза Жанғанаева