Алдын ала деректерге сәйкес, бір жағдай зертханалық түрде расталып, тағы бес адамнан күдікті белгілер анықталған.


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Атлант мұхитындағы MV Hondius бортында таралуы мүмкін хантавирус індетіне байланысты тергеу бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұйым мәліметінше, круиздік лайнердегі науқастардың үшеуі қайтыс болып, бір адам ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр. Қалған жолаушылар мен экипаж мүшелері дәрігерлердің бақылауында.

Кеме шамамен жеті апта бұрын Аргентинадан шығып, 3 мамыр күні Кабо-Верде астанасы Прая портына тоқтаған. Лайнерді басқаратын Oceanwide Expeditions компаниясы көз жұмғандардың барлығы жолаушылар екенін растады.

Мамандардың айтуынша, хантавирус көбіне кеміргіштер арқылы таралады. Дегенмен, сирек жағдайда адамнан адамға жұғу ықтималдығы да қарастырылып жатыр. Осыған байланысты сарапшылар індеттің нақты таралу жолын анықтауға кірісті.

Қазіргі уақытта зертханалық сараптамалар мен эпидемиологиялық тексерулер жүргізіліп жатыр. ДДСҰ елдермен бірлесіп, қауіп деңгейін бағалап, қажет болған жағдайда медициналық эвакуация ұйымдастыру жұмыстарын үйлестірмек.