Жетісу облысының Панфилов ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Халық әртісі Дәнеш Рақышев атындағы оқу орнын салуға білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 2,8 млрд теңге бөлінген.
Талды ауылында тұратын төрт жүзге жуық оқушы жаңа оқу жылын су жаңа мектепте бастады. Білім ошағын көруге асыққан балалар үшін ақ тілектер ақтарылып, алғашқы қоңырау соғылды.
Рәмзия Майсупова білім жолына қадам басқан немересін оқу орнына өзі жетектеп әкелді. Ғылымға ынтасы оянып, зейіні ашылсын деген ниетпен ұлт ұстазының өлеңін оқып берді. Темірланды сыныбына апарып, алғаш рет мектеп партасына отырғызды.
Рәмзия Майсупова, Талды ауылының тұрғыны:
- Осы жерден балаларымыз саналы үлгілі бір азамат болып өссе дейміз. Мінекей қандай жарық, қандай әсем. Мұндайдың бірде бірін көргеміз жоқ енді кезінде. өмірдегі бар тілеуіміз осы ұрпақтарымыз аман болсын өсіп өне берсін.
Мектептің аумағы үш мың шаршы метрден асады. Ғимарат бір жыл ішінде бастан аяқ тұрғызылып, қажетті құралдармен жабдықталды.
Гүлзия Ахатқызы, Д.Рақышев атындағы орта мектеп директорының орынбасары:
- Бұрынғы ғимаратымызда бастауыш пен жоғарғы сынып екі ғимаратта оқыған болатын. Бұл жерде сынып бөлмелері жеткілікті. Спортзалымыз өте жақсы жабдықталған, кең. Сонымен қатар далада жақсы жабдықталған спорт алаңдары бар.
Қайтарылған активтер есебінен Сүптай ауылында да жаңа мектеп салынып жатыр. Жалпы Жетісу облысында 7 білім ошағының құрылысы қолға алынған. Соның төртеуі жыл соңына дейін ел игілігіне тапсырылатын болады.
Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов