Астанада LRT жұмысшылары мінген автобус апатқа ұшырап, қытайлық 15 азамат ауруханаға түсті, деп хабарлайды 24kz.
Зардап шеккендердің бірінің қабырғасы, енді бірінің төс сүйегі сынған. Оқыс жағдай таңғы 06:00 шамасында Қабанбай даңғылының бойында болды. «Мерседес» маркалы автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі сайға түсіп кеткен. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары жетіп, шұғыл көмек көрсетті. Абырой болғанда, зардап шеккендердің басым бөлігі жеңіл жарақат алған. Оларға ем-дом шаралары жүргізіліп, үйіне қайтарылды. Ал 2 азамат дәрігерлердің бақылауында. Жағдайлары тұрақты.
Желеухан Пірімқұлов, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы емдеу-профилактикалық жұмыс бөлімінің бас маманы:
- 15 адам жарақат алып, оның үшеуі Астана қаласының №1 көпбейінді қалалық аурухасына, ал он екі науқас №2 қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді. №1 қалалық ауруханада амблуаториялық емге нұсқау алады. Ал №2 қалалық ауруханада екі науқас ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық емге қайтарылады. Науқастардың жастары 38 бен 58 жастың арасындағы қызметкерлер болған.