Алматыда әлемдік деңгейдегі музыкалық шараға қызу дайындық жүріп жатыр.

4-7 қыркүйек аралығында Park Live Almaty фестивальі өтеді. Орталық Азиядағы ауқымды концерт осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы жылдың хедлайнерлері: Рок әлемінің жарық жұлдызы Мэрлин Мэнсон ((Marilyn Manson)) және өзге де танымал әншілер өнер көрсетеді. Кештің шымылдығын атақты Take That тобының бұрынғы мүшесі, британдық әнші Робби Уильямс ((Robbie Williams)) ашады. Ол әнсүйер қауымға Бритпоп ((Britpop)) атты жаңа альбомындағы 90-жылдардағы британ музыкасынан сыр шертетін туындыларын орындамақ.

Park Live Almaty — Орталық Азиядағы ауқымды шара, Алматыда екінші мәрте өткізілмек. Былтыр күзде 35 мың көрермен жинаған фестиваль биыл да жұртшылыққа жақсы көңіл күй сыйлауға ниетті. "Первомайские пруды" сахнасында Marilyn Manson, Alan Walker, Swae Lee, Morcheeba сынды танымал әншілер ән шырқайды. Концерт бағдарламасындағы бірінші күннің басты хедлайнері — Робби Уильямс. Бірнеше ұрпақтың сүйікті әншісіне айналған атақты поп-жұлдызы, қазақстандық тыңдармандарымен тезірек қауышқысы келеді.

Робби Уильямс, британдық әнші:

- Бұл менің гастрольдік турымдағы ерекше шоу болғалы тұр. Өйткені маған қазақстандық тыңдармандардың шығармашылығымды қалай қабылдайтыны, әндерімнің ішінде қайсысы таңдаулы екенін білу қызықты болып тұр. Қазақстанға баруды асыға күтіп жүрмін.

Уильямс Алматыда жаңа альбомы Britpop-тағы әндерін орындайды. Релизі қазан айына жоспарланған таспадағы су жаңа әуендер ән сүйер қауым үшін жаңалық болмақ. Ал Angels, Feel, Rock DJ сынды көпшілік жатқа айтатын, сүйіп тыңдайтын әндері ерекше әсер берері сөзсіз.

Робби Уильямс, британдық әнші:

- Мен жаңа альбомымды бастамас бұрын 1997 жылдарға қайта оралып, сол жылдардың боямасыз реңкін жеткізіп, бүгінгі тәжірибемді қосып, қызық бір дүние жасағым келді. Мен үшін британ поп-музыкасы қайта жанданғандай болды. Енді оны тыңдарман қалай қабылдайды, алда көре жатармыз. Жалпы өзіме ұнады.

Музыкадан бөлек әнші қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Соның бір айғағы — Soccer Aid қайырымдылық матчының ұйымдастырушысы ретінде, Футбол әлеміндегі әнші деген атаққа ие болды.

Робби Уильямс, британдық әнші:

- Музыкадан бөлек футбол менің өмірімнің айнымас бір бөлшегіне айналып кеткен. Бұл мен үшін нағыз медитация іспетті. Халықаралық футбол федерациясының маған жауапты атақ беруі — мен үшін үлкен құрмет. Бұл керемет.

Робби Уильямс сахнаға 4 қыркүйекте шығады. Бұл оның Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетуі. Сондықтан көпшілікке ұмытылмас кеш сыйлауға уәде берді. Ал әнші көрермен тарапынан үлкен қолдау күтеді.

Фариза Жанғанаева, Айдана Карибжанова