Мектеп формасы жыл сайын ата-аналардың наразылығын тудыратын мәселе.

Жаздың аяқталуы көптеген қазақстандықтар үшін жаңа оқу маусымына дайындық шығындарымен байланысты. Осы ретте ата-аналар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға кететін шығындардың көп екенін айтып шағымдануда. Кейбір ата-аналар қажетті заттарды алу үшін тіпті қарыз алуға мәжбүр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Журналистер Алматыдағы мектеп жәрмеңкесіне барып, биыл балаға мектепке баруға қанша қаражат қажет болатынын есептеп көрді.

Зейнеткер Ольга немересіне мектеп формасын таңдау үшін таңертеңнен базарға шыққан. Ол жәрмеңкеден лайықты костюм тапқанымен, бағасы қатты қынжылтты. Әйел зейнетақысын түгел жұмсап қана қоймай, жиған-тергеніне дейін құртқан.

«Өте қымбат, мүлде шындыққа сыймайды. Біз бір костюмді 38 мыңға алдық, үш жейдені 12 мыңға. Әлі аяқ киім, сөмке, кеңсе тауарлары бар. Барлығы 100 мың шамасында шығады», — дейді зейнеткер.

Көпбалалы аналар үшін жағдай тым ауыр. Олар барлық балаларын мектепке дайындау үшін таныстарынан қарыз алуға мәжбүр болған.

Ата-аналардың айтуынша, әлеуметтік жәрмеңкелерде де баға арзан емес. Ең арзан мектеп формасы — 40-60 мың теңге, аяқ киім — 10 мың, жейде — 10 мың, сөмке — 8 мың, кеңсе тауарлары — тағы 10 мың теңге. Нәтижесінде бір баланы мектепке дайындау үшін кемінде 100 мың теңге қажет. Егер отбасыда бір емес, бірнеше бала болса, шығын отбасы бюджетіне одан сайын ауырлық түсіреді.

Мысалы блогер Айжан Байзақова биыл ұлын бірінші сыныпқа береді. Ол өзінің инстаграм парақшасында дүкеннен сурет жариялап, тек кеңсе тауарларына 40 мың теңге кеткенін айтты. Блогер бағадардың тым қымбат екенін де атап өтті.

Көптеген ата-аналар мектеп формасының жыл сайын қымбаттауына шағымдануда. Оның үстіне, форманың міндетті болуы және мектептердің дизайнға қойылатын талаптары соңғы бағаға тікелей әсер етеді.

Экономистердің пікірінше, мәселені тек отандық тігін фабрикаларының жеткілікті болуы және өзіміздің шикізат базасын қалыптастыру ғана шеше алады.