АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Украина басшысымен бірге еуропалық лидерлерді де қабылдады. Кездесу нәтижесінде Құрама Штаттар Киевке қауіпсіздік кепілдігін беруге және Зеленскийді Путинмен кездестіруге күш салып жатқанын жариялады.

Еуропаның жеті лидері, Украина президенті, Трамп пен оның әкімшілігінің ондаған өкілі, жүзден астам журналист. Ақ үйде кеше өткен кездесу осылай есте қалды. Ол басталарда көптің көкейінде екі сауал тұрды: Трамп пен Зеленский бейбітшілікке жол сала ма, әлде ақпандағыдай тағы да бүкіл әлем алдында сөз таластырып, жанжалдаса ма? Екі сценарий де орындалған жоқ. Зеленский осы жолы Вашингтонға киімін де, сөйлеу мәнерін де өзгертіп барған екен.

Брайан Глен, америкалық журналист:

Біріншіден, президент Зеленский, сіз бұл костюмде керемет көрінесіз.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Бірақ сіз сол баяғы костюмдесіз. Көріп тұрсыз, мен өзгердім, сіз өзгермепсіз.

Осындай жылы қабылдау мен емен-жарқын әңгімеден кейін Трамп Атлантика асып келген еуропалық меймандармен келіссөз жүргізді. Оның негізгі қорытындысы екеу: біріншіден, Трамп Зеленскийді Путинмен кездестіру үшін әзірлікке кірісіп кеткен. Бірақ сол саммит қайда өтетіні әзірге белгісіз. Дегенмен бітіспес жауға айналған екі президентті бір үстелдің басында отырғызуға бола ма? Әзірге Мәскеу келіссөздер деңгейін көтеру идеясын зерттейтінін айтты. Бірақ ешқандай уәде бермеді.

Екіншіден, Трамп Украинаға қауіпсіздік кепілдігін ұсынды. Оған сәйкес Украинаны болашақта Ресейден қорғау үшін оның жеріне Еуропа елдерімен бірге АҚШ та әскер кіргізуі мүмкін. Бұл жайлы құжат 10 күнде дайын болып қалады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Қауіпсіздік кепілдігінің қыр-сырын серіктестеріміз жариялайды. Мұның бәрі қағаз жүзінде рәсімделіп, алдағы бір апта немесе он күнде дайын болуы керек.

Тағы бір айта кететін жайт, осы кепілдік аясында Украина АҚШ-тан 90 миллиард долларға қару-жарақ сатып алады. Солардың қатарына әскери ұшақтар мен зымырандық шабуылдарға қарсы жүйе және Киев Вашингтоннан бұрын алмаған қорғаныс құралдары да кіреді.

Ресей Украинадан Қырыммен бірге Херсон, Запорожье, Луганск, Донецк облыстарынан бас тартуды талап етіп келеді. Алайда Зеленский территория мәселесін тек Путинмен талқылауға әзірлік білдіргенімен, Ресейге жер беруді қарастыратынын бейбіт келісімді ешқашан қабылдамайтынын ескертіп отыр.

Арыстан Рысбек